Биыл Ресей билігі кімді соттайды?

0

Азаттық былтыр ресейлік қоғам мен БАҚ назарын аударған қылмыстық істерді және биыл үкім шығатын даулы істерді шолып шықты.

«ТЕАТР ІСІ»

Былтырғы басты сот процесінің бірі – мемлекеттік қаражатты ұрлады деп айыпталған режиссер Кирилл Серебренниковке қатысты сот ісі болды. Мещанский соты оның ісін қарауды қарашада бастады. Сотталушылар арасында «Гоголь-центр» көркемдік жетекшісімен қоса оның бірнеше әріптесі: «Седьмая студия» труппасының бұрынғы продюсері Алексей Малобродский, ұйымның бас директоры Юрий Итин, мәдениет министрлігінің бұрынғы қызметкері Софья Апфельбаумдер болды.

София Апфельбаум (солдан оңға қарай), Алексей Малобродский мен Кирилл Серебренников сотта отыр.

София Апфельбаум (солдан оңға қарай), Алексей Малобродский мен Кирилл Серебренников сотта отыр.

Тергеудің пікірінше, 2011-2014 жылдар аралығында режиссер мен әріптестері Мәдениет министрлігі «Платформа» театр жобасына бөлген 216 миллион рубльдің 133 миллионын жымқырған.

Сотталушылар айыптаумен келіспейді, істі «абсурд» деп атайды, «тергеушілер «Платформа» жобасында ненің бұрыс болғанын түсіндірген жоқ» дейді. Бұлардың ішінен «Седьмая студия» бухгалтері Нина Масляева ғана айыбын мойындады, оның ісі жеке қарауға жіберілді.

Режиссер Кирилл Серебренников үйқамақта отырған бір жарым жылда бірнеше спектакль қойды, «Лето» фильмін түсірді және «Нуреев» балетін сахналады. Театр сыншылары қауымдастығы Серебренниковті «Жыл адамы» деп таныды.

Айыпталушылардың ішінде тергеу изоляторында 11 ай отырған жалғыз адам – Алексей Малобродскийдің денсаулығы алаңдатады. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхат берген, бір жылда екі рет жүрегі ауырып, ауруханаға түсті. Іс бойынша айыпталушылардың тағдыры 2019 жылы шешілмек.

«НОВОЕ ВЕЛИЧИЕ» ЖӘНЕ «СЕТЬ» ҰЙЫМДАРЫ

Соңғы кездері «Новое величие» мен «Сеть» ұйымдарына қатысты іс қатар аталатын болды. Екі түрлі іс бойынша тергеу кезінде айыпталушылардың қамаудағы азаптауға қатысты шағымына байланысты шу шықты.

"Новое величие" ісі бойынша сот отырысына қатысушылар.

«Новое величие» ісі бойынша сот отырысына қатысушылар.

2018 жылдың көктемінде қозғалыстың он белсендісін қамауға алғанға дейін «Новое величие» деген ұйым бар екенін ешкім білмеді. Айыпталушылардың басым көбі – жасөспірім, олардың арасында әлі 20-ға толмаған екі қыз – Анна Павликова мен Мария Дубовик бар.

Қыздар денсаулықтары нашарлағанын айтып, тергеу изоляторындағы жағдай нашар деп шағымданған соң қоғам наразылығы күшейіп, бірнеше мың адам «Марш матерей» шеруіне шыққан соң оларды үйқамаққа ауыстырды.

Қазір тергеу изоляторында төрт айыпталушы отыр. Олар – Руслан Костыленков, Вячеслав Крюков, Дмитрий Полетаев және Петр Карамзин. Тағы алты адам үйқамаққа алынды (Павликова мен Дубовикті қоспағанда, Максим Рощин, Рустам Рустамов, Павел Ребровский және Сергей Гаврилов).

Жастарды «конституциялық құрылымды құлатуды көздеген экстремистік ұйым құрды» деп айыптайды. Іс материалы бойынша, «Руслан Д.» деген бүркеншік атпен әрекет еткен адам белсенділерге оппозициялық чатты саяси қозғалысқа айналдыруды ұсынған, саяси бағдарлама жазып, «құрылтай жиналысын» өткізу үшін ғимарат жалдаған. Кейін оның арнайы қызметке ақпарат жеткізуші екені белгілі болған.

Виктор Филинков - "Сеть" ісі бойынша айыпталушылардың бірі.

Виктор Филинков — «Сеть» ісі бойынша айыпталушылардың бірі.

«Сеть» ұйымына қатысты іс 2017 жылдың соңында қозғалған еді. Бірнеше ай ішінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Пенза және Беларусь азаматы – 11 адам қамауға алынды (Егор Зорин, Илья Шакурский, Василий Куксов, Дмитрий Пчелинцев, Андрей Чернов, Арман Сағынбаев, Виктор Филинков, Игорь Шишкин, Юлий Бояршинов, Михаил Кульков, Максим Иванкин).

Оларды «Сеть» террорлық ұйымын құрды деп айыптады, арнайы қызметтің мәлімдеуінше, айыпталушы жастар елдегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін футболдан әлем чемпионаты өткен кезде және президент сайлауы кезінде теракт ұйымдастырмақ болған.

Тұтқындалғандардың көбі басында айыптаумен келісті, кейін тергеушілер өздерін азаптап, айыптарын мойындауға мәжбүрлегенін айтты. Виктор Филинков, Игорь Шишкин, Илья Шакурский пен Дмитрий Пчелинцевтің айтуынша, оларды электрошокермен азаптап, қатты қызған батареяға байлап қойып, ұрып-соққан.

Екі іс бойынша айыпталушылардың ата-аналары балаларын қудалауды тоқтатуды талап етеді. Олар «бұл істерді арнайы қызмет қолдан құрастырып отыр» дейді. 2018 жылдың соңында құқық қорғаушы Лев Пономарев белсенді жастарды қолдағаны үшін 16 тәулікке қамалды.

ОЮБ ТИТИЕВ ІСІ

Шешенстан республикасының Шали аудандық соты 2018 жылдың жазынан бері жергілікті «Мемориал» құқық қорғау орталығының басшысы Оюб Титиевтің ісін қарап жатыр. Оны «ірі көлемде есірткі сатып алып, сақтаған» деп айыптайды.

Шешенстандық құқыққорғаушы Оюб Титиев.

Шешенстандық құқыққорғаушы Оюб Титиев.

2018 жылдың қаңтарында Титиевті полиция ұстап, «көлігінен 180 грамм марихуана тапты», содан бері ол қамауда отыр. Қорғаушылар полицияның түсініктемесінде қисынсыз тұс көп екенін айтады. Құқық қорғаушының өзі айыптаумен келіспейді.

Оның айтуынша, көлігіне әлдекім есірткіні әдейі тастаған, аймақтағы «Мемориал» ұйымының жұмысына кедергі келтіру үшін Шешенстан билігі іс қозғатып отыр. Оюб Титиевке қатысты үкім 2019 жылдың басында шығуға тиіс.

TELEGRAM ҮШІН ШАЙҚАС

2018 жылы Ресей Telegram мессенджеріне тыйым салды, сәуір айында Мәскеудің Таганский соты Роскомнадзордың қызметті бұғаттау туралы талабын қанағаттандырды. Бірнеше ай бойы Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мессенджер жасаушылардан шифрлеу кілтін алуға тырысты.

Telegram мессенджерін қолдау акциясына қатысушылар. Мәскеу, 30 сәуір 2018 жыл.

Telegram мессенджерін қолдау акциясына қатысушылар. Мәскеу, 30 сәуір 2018 жыл.

Биліктің пікірінше, Telegram желісін «экстремистер мен терроршылар» пайдаланады, олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпарат таратады. Telegram басшылығы хат алысу құпиясын қамтамасыз ететін Ресей конституциясына сілтеме жасап, арнайы қызметтің талабын орындаудан бас тартты және шифрлеу кілтін берудің техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін айтты. Мессенджерге тыйым салған соң басында Роскомнадзор қателесіп миллиондаған өзге IP адрестерді бұғаттап тастады, соның кесірінен жүздеген сайт жапа шекті.

Ресейде Telegram әлі жұмыс істеп тұр. Бірақ 2019 жылы билік пен мессенджердің текетіресі жалғасатын сияқты. Роскомнадзор Telegram-ды бұғаттауға жол ашатын арнайы технология сатып алмақ. Ол үшін салық төлеушілер есебінен 20 миллиард рубль бөлінеді.

ЮРИЙ ДМИТРИЕВ АҚТАЛМАДЫ

Карелиялық «Мемориал» ұйымы бөлімшесінің басшысы Юрий Дмитриев үшін 2018 жыл жақсы жаңалықпен басталған еді, сәуір айында Петрозаводск соты оны балалар порнографиясын жасады деген айыптаудан ақтап алды, бірақ қару сақтауға қатысты еркіндігін шектеді (тарихшының айтуынша, қазба орнынан алынған ескі қару).

Юрий Дмитриев.

Юрий Дмитриев.

Алайда жазда Карелия Жоғарғы соты ақтау үкімінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Бірнеше күннен соң билік органдары Карелиядағы саяси репрессия құрбандарын жерлеу орындарын (Сандармох мемориалдық қорымы) зерттеуші Юрий Дмитриевті қайтадан тұтқындады.

Бұл жолы оған «асырап алған қызына сексуалдық зорлық жасады» деген айып тағылды. 2018 жылдың желтоқсанында Петрозаводск соты істі қарай бастады. Тарихшы наурызға дейін қамауда отырады, айыбы дәлелденсе, 20 жылға бас бостандығынан айрылады.

Дмитриевтің жақтастарының пікірінше, бұл қылмыстық істі билік құқық қорғаушының жұмысын тоқтату және «Мемориал» ұйымының беделін түсіру үшін қозғаған.

МИХАИЛ БЕНЬЯШ: #ЗААДВОКАТАМИПРИШЛИ

Ресейлік желіде мұндай хештег күздің ортасында кубаньдық адвокат Михаил Беньяштың ісіне жауап ретінде пайда болды. Қыркүйектің 9-ы күні Беньяш зейнетақы жасын өсіруге қарсы акцияға қатысқаны үшін ұсталғандарды қорғауға бара жатқанда өзі қамауға алынды, кейін келісілмеген акцияға қатысуға шақырғаны үшін және полицияға қарсылық көрсеткені үшін 14 тәулікке қамалды.

Адвокат Михаил Беньяш.

Адвокат Михаил Беньяш.

Адвокаттың уақытша қамау орнынан шыққаны сол еді, «полиция қызметкеріне зорлық-зомбылық жасады» деген айып бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалды да, тергеу изоляторына қайта түсті. Тергеушілердің айтуынша, қыркүйектің 9-ы күні Беньяш полиция қызметкерінің қолын тістеп алып, ұрып жіберген.

Қорғаушы айыпты терістейді, көлікте полицияның өзін ұрғанын айтады. Бірнеше күннен соң Михаил Беньяшқа қарсы екінші іс қозғалды. Оған «судьяға қарсы сөйлеп, рұқсатсыз аудио жазба жасады» деген сотқа кедергі келтіру бабы бойынша және бір айып тағылды.

Михаил Беньяштың ісі заңгерлер қауымының бұрын-соңды болмаған ынтымағын көрсетті, сотта оның мүддесін Ресейдің алты аймағынан келген 19 адвокат қорғады. 400-ге жуық әріптесі Адвокаттардың федералдық палатасына өтініш жазып, Михаил Беньяшқа шабуылдауды тергеуді сұрап, қол қойды.

Қазан айында сот кубаньдық қорғаушыдан кепілдікке 600 мың рубль алып, тергеу изоляторынан шығарды. Ақшаны краснодарлық адвокаттар палатасы төледі. Желтоқсан айында сотқа кедергі келтіру туралы істің жабылғаны, бірақ Беньяштың полицияға шабуылдау бойынша жауап беретіні белгілі болды.

ЯРОСЛАВЛЬДЕГІ ФСИН ІСІ

Тұтқындарды азаптау туралы ең шулы іс 2018 жылдың жазында Ярославльдегі Федералдық жазаны орындау қызметі (ФСИН) өкілдеріне қарсы қозғалды. Оларды «лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды» деп айыптайды.

Түрмеден босап шыққан Евгений Макаров (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр. Ярославль, 2 қазан 2018 жыл.

Түрмеден босап шыққан Евгений Макаров (оң жақта) журналистерге сұхбат беріп тұр. Ярославль, 2 қазан 2018 жыл.

Ярославльдегі №1 колониядан жазып алынған бейнежазбада форма киген бірнеше ер адам тұтқын Евгений Макаровты арқасынан, аяғынан шоқпармен ұрып, «жанын қинау үшін» үстіне су құяды.

Қыркүйекте №8 колонияда да азаптау дерегі бойынша іс қозғалғаны белгілі болды. ФСИН-ның 15 қызметкеріне айып тағылды, олардың 14-і тергеу изоляторында, біреуі үйқамақта отыр. Желтоқсанның соңында сот бұлтартпау шарасын 2019 жылдың наурызына дейін созды. Айыпталушылардың көбі айыбын мойындады.

ШАКРО МОЛОДОЙ ЖӘНЕ СК ШЕНЕУНІКТЕРІ

2018 жылдың көктемінде сот Шакро Молодой деген атпен танымал қылмыс әлемінің беделді өкілі – Захарий Калашовты он жылға жуық мерзімге соттады. Оны Мәскеудегі Elements мейрамханасының иесі Жанна Кимнен 8 миллион рубль бопсалады деп айыптады.

2015 жылдың желтоқсанында мекеме алдында атыс болып, екі адам қаза тапты. Калашовтың көмекшілері де ұзақ мерзімге сотталды, үкімді оқыған судья алғаш рет Шакро Молодойды «Ресейдің қылмыстық әлемінің жетекшісі» деп атады.

Тергеу комитетіндегі (СК) жемқорлыққа қатысты істе де оның аты аталады. Тергеу комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері Михаил Максименко, Денис Никандров және Александр Ламонов 2016 жылы қамауға алынып, 2018 жылы сотталған болатын.

Оларды қылмыс әлемінің беделді өкілін қылмыстық қудалауды тоқтату үшін ірі көлемде пара алған деп айыптап, 5 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырды. 2018 жылдың жазында олардың басшысы – Мәскеудегі Тергеу комитетінің бұрынғы басшысы генерал Александр Дрыманов қамалды.

Тергеу ісіне сәйкес, генерал Шакро Молодойдың сыбайластарының бірінің жазасын жеңілдетіп, қамаудағы жағдайын жақсарту үшін 200 мың доллар алған. 2018 жылдың желтоқсанында Александр Дрымановтың қамаудағы мерзімін 2019 жылғы наурыздың 16-сына дейін созды. Ол тағылған айыпты мойындамайды.

ФУТБОЛШЫЛАР, «ҮШ ӘПКЕЛІ-СІҢІЛІ», Т.Б.

Ақпан айында Кировск облысының бұрынғы губернаторы Никита Белых сегіз жылға сотталды, оны пара алды деп айыптайды. Денсаулығының нашар екен айтып шағымданған Белых Рязань облысындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

2018 жылдың жазында «үш әпкелі-сіңілінің» ісі қатты талқыланды. Кристина, Ангелина және Мария Хачатуряндарды әкелері Михаил Хачатурянды өлтірді деп айыптайды, оның денесі оншақты жерден пышақ салынған күйінде табылған. Қыздардың айтуынша, Хачатурян оларға бірнеше жыл бойы қатты қорлық көрсеткен. Әпкелі-сіңлілер бірнеше ай тергеу изоляторында отырды, қыркүйектің соңында бостандыққа шықты.

Александр Кокорин (сол жақта) мен Павел Мамаев (ортада) сот залында. Мәскеу, 18 желтоқсан 2018 жыл.

Александр Кокорин (сол жақта) мен Павел Мамаев (ортада) сот залында. Мәскеу, 18 желтоқсан 2018 жыл.

Ресейлік футболшылар Александр Кокорин пен Павел Мамаев жаңа жылды тергеу изоляторында қарсы алды, оларды бұзақылық жасады деп айыптайды. Тергеу дерегі бойынша, қазанның 8-і күні екі футболшы Бірінші арна жүргізушісінің көлік айдаушысы мен екі федералдық шенеунікті ұрған.

Жыл соңында «Лефортово» және «Матросская тишина» ресейлік тергеу изоляторына 24 украиналық теңізшіні әкелді. Ресей билігі оларды қарашаның 25-і күні Қара теңізден ұстап алып, шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыптады. Теңізшілер айыпты мойындамайды, өздерін әскери тұтқын санайды. Оларды 34 адвокаттан құралған топ қорғамақ.

Дереккөз: Азаттық