Биыл Ертіс өңірінен БАӘ-ге 30 тонна қой еті экспортталды
Фото: pavlodarnews.kz
Астана, BAQ.KZ. «Абай» ЖШС Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін экспорттауды арттыруда. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов мәлім етті.
«Абай» ЖШС Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін жеткізетін жалғыз шаруа қожалығы. «Абай» ЖШС 2017 жылы осы мезгілде Біріккен Араб Әмірліктеріне үш тонна ет экспорттаған болса, биыл 30 тоннаға жеткізді. Сондай-ақ аталмыш қожалық Ресейге 103 тонна ет экспорттады. Жалпы ауданымызда ауыл шаруашылығын дамытудың алдағы бес жылға арналған кешенді жоспары дайындалуда. Белді кәсіпкерлермен кездесу өткізілді. Қазіргі кезде 3000 бас малды бордақылау алаңы мен 2000 бас сауынды малға арналған орынның құрылысын салуға дайын инвесторлар бар», — деді аудан басшысы.
Әзілхан Әбеуовтің айтуынша, 3 жылдың ішінде 28,8 мың ірі қара мал санын 40 мыңға жеткізу көзделуде. Ол үшін ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламалар барынша пайдаланылатын болады.
«Бұл бағыттағы істер басталып кеткен. Шаруа қожалықтарымыз көрші мемлекеттен ірі қара мал әкелуде. «Аралбаев» ШҚ Хакасиядан 40 бас, «Тайлақ» ШҚ Красноярск өлкесінен 50 бас, «Воскобойник» ШҚ Рязан облысынан 50 бас сатып алды. Бұған қоса, «Победа» ЖШС Германиядан голштин-фриз асыл тұқымды 200 бас мал әкелді. Қазіргі уақытта «Победа» ЖШС-де 3000 бас сиыр бар. Оның 800-і сауылады», — деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, «Шарбақты-Құс» ЖШС өнімділігі артуда. Кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін, биыл Ресейден «Хайсек Уайт» тұқымды 195 мың балапан сатып алынған. Кәсіпорын жыл соңына дейін жұмыртқа өндірісін 85 миллионға жеткізуді мақсат тұтып отыр. 2017 жылы аталған кәсіпорын 81,8 миллион жұмыртқа шығарған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ