Биыл баспаналы болудың қандай жолдары бар
Үй алу, баспаналы болу – қай кезде де өзекті тақырып. Қандай тиімді бағдарлама бар? Қаражатты қалай жинау керек? Kazinform тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жүзеге асыратын, мамандандырылған Отбасы банкінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйене отырып, биыл қалай баспана алуға болатынын анықтап көрді.
«Наурыз» бағдарламасы
2025 жылдың бірінші тоқсанында «Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылады. Нақты уақыты әлі белгісіз, бірақ наурыз айында басталуы мүмкін деген болжам бар.
Бағдарламаның шарты өзгереді. Енді депозиттегі жинақталған қаражаттың ең төменгі сомасы кемінде 2 миллион теңге болуы керек. Бірақ салым мерзімі есептелмейді. Мысалы, бағдарламаға өтінім берердің алдында ғана ашылып, тиісті сумма салынған болса да, ол адам қатыса алады.
Бұл өзгеріс бағдарламаға қатысуға ниеттілердің көп болуына байланысты енгізілді және қатысушылар арасында әділ іріктеу жасауға бағытталған. Яғни тұрғын үй жағдайын жақсартуға шынайы мақсат қойған және ең төменгі бастапқы жарнаны жинауға қауқары бар салымшыларға көбірек мүмкіндік беріледі.
Одан бөлек алғашқы жарнаға қатысты да өзгеріс енгізіледі. Енді таза әрлеудегі тұрғын үйді таңдаған адам қарыз сомасының 10% мөлшерінде, бірақ кемінде 2 миллион теңге бастапқы жарна төлеуі керек. Бұл өзгеріс құрылыс компанияларын таза әрлеудегі тұрғын үйлердің санын арттыруға ынталандырады.
Ал әрленбеген бастапқы тұрғын үйлерді алу үшін бұрынғыша 20% мөлшерінде алғашқы жарна салу керек.
Айта кетерлік жайт, биыл «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттарын бір жүйеге келтіру туралы шешім қабылданды. Енді 2 бағдарламаның шарттары бірдей:
бастапқы жарна — 20% бастап (әрленген үйге 10%);
тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме — 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);
азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме — 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін).
Шарттарының теңестірілуіне қарап ендігі жерде екі бағдарлама біріктірілуі мүмкін деп болжауға болады, бірақ әзірше ол жайлы ресми ақпарат жоқ.
2024 жылы «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы 10 000 қазақстандық баспаналы болды.
Еске салсақ, былтыр жыл соңында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Наурыз» бағдарламасына 2025 жылы 300 млрд теңге бөлу жоспарланғанын айтқан болатын. Алайда жыл басынан бері банк бұл санды нақтылайтын мәлімет таратпады. Оның үстіне жұмысшыларға арналған жаңа «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы осы «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі болмақ. Яғни «Наурыз» бағдарламасының негізгі қаржысының бір бөлігі жұмысшы мамандардың тұрғын үй ипотекасына бағытталады.
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
«Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасы
Отбасы банк техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтиды.
Биыл бағдарлама аясында жұмысшы мамандықтар өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр.
Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 17 наурызына жоспарланған.
Бағдарлама бойынша несие азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен беріледі.
Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады.
Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.
Бұл тікелей Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен қосылған бағдарлама деуге болады. 8 қаңтарда Үкімет басшысы жұмысшы кадрларға арналған ипотекалық бағдарламаны іске қосуды тапсырған болатын.
«Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламалары
2025 жылы Отбасы банк «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Бірақ нақты қай кезде қосылатыны, қанша қаржыға несиелеу жүргізілетіні әзірге белгісіз.
Бұл бағдарламаларға қатысу үшін 20%-дан басталатын ең төменгі бастапқы жарна болуы керек.
Сондай-ақ осы бағдарламалар бойынша заемның ең көп сомасы 50 млн теңгеге тең.
Несиені үй сатып алуға немесе жөндеуге алуға болады. Тұрғын үйдің болу-болмауына ешқандай шектеулер болмайды.
«Ұмай» — табысы жоғары әйел адамдарға арналған бағдарлама. Ол екінші немесе үшінші тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Оның шарттары тиімді болуына (бастапқы жарна — 15%) байланысты үлкен сұранысқа ие. Мысалы, былтыр мамыр айында осы бағдарлама бойынша өтінім қабылдау басталып, жарты күнге жетпей қаржысы таусылып қалған болатын.
Жасыл ипотека – бұл «жасыл стандартқа» сәйкес келетін нысаннан тұрғын үй сатып алуға берілетін банк заемы. Яғни нысанның ұлттық «Өмір» стандарты, ресейлік мемлекеттік стандарты және халықаралық BREAM немесе LEED стандарттарына сәйкестік сертификаты болуы керек.
Несие 6 айдан 25 жылға дейін беріледі. Алғашқы жарна – шарттық соманың 20%-ынан 50%-ына дейін.