Биыл 37 мыңға жуық отбасы ТҮҚЖБ арқылы баспана алды
Фото: Автор
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұзақмерзімді салымдар нарығында бірінші орында тұр. Тек биылдың өзінде 368 530 отандасымыз жаңа депозит ресімдеп, банк рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл туралы ТҮҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Алматыда өткен брифинг кезінде айтты.
Оның сөзіне қарағанда, 2018 жыл банк үшін қоныс тойын тойлау жылы болған.
«Биыл 37 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Олардың 42%-ы бастапқы нарықтан жаңа үй сатып алса, 52%-ы қайталама нарықтағы қолданыста болған тұрғын үйлерді алған. Бұл көрсеткіш біздің банк үшін рекордтық сан және өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. 2017 жылы 28 673 заем берілген болатын», -дейді Л.Ибрагимова.
Сондай-ақ ол, биыл ресімделген несие саны бойынша Астана қаласы бірінші орында тұрғанын жеткізді.
«Елордада 7739 отбасы қоныс тойын тойлады. Алматы қаласында 5786 отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ, үштікке Ақтөбе облысы кіреді, онда 3696 несие ресімделген. Бұдан бөлек Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары да жақсы жұмыс істеді. Заемдардың орташа сомасы 10 млн теңгені құрады. Бұл қолжетімді тұрғын үй несиелерінің жұмыс істейтін әр отандасымыз үшін қолжетімді екенін көрсетеді», -деді ол.
Жалпы банк жұмысын бастағаннан бері 70 мың қазақстандықтың баспаналы болуына көмектескен. Егер бір отбасыда 4-5 адамнан деп есептесек бұл 600-800 мың адамды баспанамен қамтамасыз ету деген сөз.
Жиын барысында басқарма төрайымы 50 мың теңге жалақы алатын қазақстандықтардың да баспаналы болу мүмкіндігі бар екендігін айтып өтті.
«Клиенттер әр түрлі болады, қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 119 мың несие бар. Олардың 27 мыңының табысы 50-100 мың теңге аралығында. 19 мыңының жалақысы 100-140 мың теңге айналасында. Сондай-ақ 13 мың клиент 50 мың теңге табыспен заем ресімдеп, пәтер иесі атана білді. Бұл клиенттің төлем қабілеттілігін бағалаудағы банктің қолданатын ерекше әдісіне байланысты болып отыр. Клиент келісім-шарттағы барлық шартты орындаса және ай сайын құйып отырып, жоқ дегенде 3 жыл біздің банкте ақша жинаған болса, банк сенім қағидасы бойынша оған несие беруге келіседі», -дейді ол.
Оның айтуынша, биылғы жыл әскери қызметшілерге арналған арнайы бағдарламаны жүзеге асырумен басталған.
«Биыл 70 мыңнан аса әскери қызметкердің атына шот ашылды. Осы жылы қолға алынған «Әскери бағдарламаның» көмегімен осы уақытқа дейін 1900 әскери қызметкер баспана кілтін алып үлгерді», -дейді ол.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ