БИЫЛ 37 МЫҢ АДАМ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Алматыда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басшылығы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, 2018 жылды қорытындылап, алдағы иек артар белестерге шолу жасады. Банк басшылығы қойылған сауалдарға бүкпесіз жауап беріп, жетістіктерімен бөлісті.
Биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» үй сатып алуға арналған заемдардың санын рекордтық межеге бір-ақ жеткізген. Яғни, жыл басталғалы бері 36 790 салымшы жаңа баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлапты. Былтырғы көрсеткіш 28 673 заем болатын. Сондықтан ит жылында әлдеқайда өсу нышаны байқалады. Банк келер жылы да бұл жетістікті еселей өсіріп, салымшылар жинағын арттыра түсуге мүдделі.
– Биыл 370 мыңға жуық қазақстандық жаңа депозит рәсімдеді, бұл банк тарихындағы рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелді. Ал 2018 жылы баспанаға қол жеткізген 36 790 отбасының 42 пайызы жаңа үйді бастапқы нарықтан сатып алса, 52 пайызы қайталама нарықтағы пәтерлерді еншіледі. Сонымен қатар баспанаға ие болғандардың басым көпшілігі Астана қаласында тұрады. Бас шаһарда 7739 отбасы жаңа үйге кірді. Алматы қаласы бойынша 5786 отбасыға баспана бұйырды. 3696 несие рәсімдей алған Ақтөбе облысы үздік үштікті түйіндейді. Сонымен бірге, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары да баспанаға қол жеткізу бойынша белсенділік көрсетті, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Төрайымның айтуынша, банк өз жұмысын бастаған уақыттан бері 170 000-ға жуық қазақстандыққа баспаналы болуға көмектескен.
– Қазіргі таңда біздің банкте 119 мың несие бар болса, соның ішінде 27 мың заемшының айлық табысы – 50-100 мың теңге аралығында ғана. Ал 19 мың заемшы 100-140 мың теңге көлемінде жалақы алады. 13 мың клиент айына 50 мың теңге табыспен-ақ несие рәсімдеп, пәтерге қол жеткізді. Яғни, біздің жинақ жүйесінің ерекше әрі тиімді шарттары азаматтардың аз жалақымен де баспаналы болуына жол ашады. Ай сайын депозитіне тұрақты түрде ұсынылған соманы салып отырған клиент үшін төлем қабілетін растау тәртібі біршама жеңілдетіледі, – дейді басқарма төрайымы.
Биыл берілген банктің әр төртінші несиесі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында рәсімделіпті. Осы бағытта 2018 жылы 8165 отбасы баспаналы болған. Ал жалпы аталған мемлекеттік бағдарлама жұмыс істегелі бері 12 700 қазақстандық пәтер кілтін қолға алыпты. Осы және өзге де жағымды жаңалықтар жайында басқарма төрайымының орынбасары жария қылды.
– Банк осы жылы әскери сала қызметкерлерін де баспанамен қамту туралы жаңа бағдарламаны қолға алған болатын. Осы бастама аясында 1900 заем әскери қызметшілерге берілді. Жоба сәтті жүзеге асуы үшін банк өз тарапынан бұл бастамаға 98 млрд теңге бөлді. Ол ақшаның 24 миллиарды осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерден алынып келген заемдарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Әскерилерге арналған заемдар 6-8 пайыз мөлшерінде рәсімделді. Заем өтеу есебіне мемлекеттің әскери қызметкерлерге арнап бөлетін тұрғын үй төлемдері бағытталды, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова.
Қазақстандықтардың баспаналы болуына елеулі үлес қосып, қазіргі кезде нарықтағы белсенді ұйымға айналған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазақстандық ипотекадағы үлесі 63 пайызға жетіп отыр. Осыған қарамастан ең төменгі NPL деңгейі де осы банктің еншісінде. NPL – уақытылы өтелмеген, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен заемдар санын анықтаушы көрсеткіш. Қазір банктегі аталған көрсеткіш – 0,22 пайызға тең. Ал қазақстандық банктер арасындағы орташа деңгей – 8,17 пайыз шамасында. Бұл ретте банк салымшыларының белсенділігі һәм жауапкершілігі де жоғары бағалауға тұрарлық.
Банк ұзақмерзімді салымдар нарығында да көш бастауда. Қазірге дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1,2 миллионнан астам депозит ашылыпты. Ең қызығы әр сегізінші депозит 18 жасқа толмаған баланың атынан ашылған. Бұл да салымшылардың белсенділігінен хабар берсе керек. Осы жылы жаңа депозит рәсімдеген қазақстандықтар саны – 368 530. Барлық депозитте жиналып тұрған қаражат көлемі – 596,3 млрд теңгені құрайды. Салымшыларды ынталандыру үшін оларға бір жыл ішінде шотқа келіп түскен қаражаттың 20 пайызы мемлекеттік сыйлықақы есебінде беріліп отырады. Аталған сыйақы 200 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 481 000 теңгеден аспайтын салым сомасы негізінде есептеледі екен. Бұл тұрғыдан алғанда 2018 жылдағы ең жоғары мемлекеттік сыйақы мөлшері 96 200 теңгеге жеткен.
Баспасөз мәслихаты барысында банк өкілдері күн санап қатары өсіп келе жатқан банк салымшыларын ақпараттандырып, оларға тиісті әрі ыңғайлы қызмет ұсыну мақсатында қызмет көрсетудің озық үлгілерін пайдаланып жатқандарын да жеткізді. Бұл тұрғыда барлық заманауи технологиялар қолға алынып, азаматтарды тың әрі пайдалы жаңалықтармен қамту аясы әлдеқайда кеңейе түскен. Бизнес-процестерді үздіксіз оңтайландыру – банктің басты ұстанымы. Сол үшін жаңа сервистер мен қызметтер енгізіліп, банк бауырын жазып нарықтағы үздік қаржылық ұйымдардың біріне айнала алды. Мәселен, осы жылы видеобайланыс арқылы кеңес алу, депозитті онлайн режимде сатып алу мүмкіндіктері ұсынылды. Депозитті сатуға және сатып алуға арналған онлайн табыстау қызметінің көмегімен 1000 адам шот иесі атанып, 5 пайыз көлеміндегі мөлшерлемемен заем алған. Ал бөлімшеге келіп әуре болмай-ақ «ЖССБ 24» интернет-банкинг жүйесі негізінде қызмет алатын клиенттер саны едәуір артқан. Қазір 500 мыңдай азамат аталған интернет-банкингті қолданады. Бұл сервистің көмегімен заем өтеу кестесін қарап, шот жағдайы туралы анықтама алып, ең жоғары мемлекеттік сыйақы алу үшін қанша ақша салу керек екенін біліп, депозит толықтырып және несие өтеуге болады.
Жиын соңында банк басшылығы қызмет көрсету үрдісін келер жылы одан ары жеңілдету жолында күш жұмсайтынын айтып, баспанаға қол жеткізуді армандап жүрген азаматтарды салымшы атануға шақырды.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: Айқын