Бітімгершілік – биік адамгершілік іс
– Жақып Қажыманұлы, «Ел даусыз болмас» дегендей, дау – кез келген қоғамға тән құбылыс. Бүгінгідей өркениетті заманда дау-жанжалды реттеудегі мәдениет, яғни құқықтық мәдениетіміз қандай?
– Біздің қоғамда дау-дамайды тек сот арқылы ғана шешу керек деген көзқарас қалыптасып, санамызда берік орын алған. Сәл дау туындаса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот алаңына шығарып, сол арқылы бас пайдамызға шешкіміз келіп тұрады. Ащы болса да шындық қымбат. Даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі тараптың талаптарын бірдей қанағаттандыра алмайды. Дау қолданыстағы заңды қолдана отырып шешілуі тиіс. Мысалы, отбасы, ағайын, дос-жаран, көрші-қолаң арасындағы талас-тартысты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс? Бір сәт ой елегінен өткізіп көрейікші. Сотқа арыз бердік делік. Әрине сотқа жүгіну – заңды құқығымыз. Десек те берген арызымыздың одан әрі қаралу жолы қандай болмақ?
Біріншіден, біраз уақыт әуре-сарсаңға түсеміз. Іске нүкте қойылғанша бір емес, бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа жетіп жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Екіншіден, сот – үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейміз, сот шығынын өтейміз, жол қаражаты бар, заңгерлерді жалдаймыз. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес. Дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінсек, оларда дауды шешу уақыты бізден де ұзақ, сот шығыны бізден де қымбат. Сондықтан оларда даудың саны көп емес. Себебі шетелдіктер сотқа барарда жүз ойланып, мың толғанады. Үшіншіден, осыншама қиындықтан өтсек те дау пайдамызға шешілетініне ешкім кепілдік бермейді. Керісінше, туған-туыс, дос-жаран, қызметтесімізбен екі арадағы қарым-қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. Ұзақ жыл қасықтап жинаған абыройды бір сәтте шөміштеп төге салған кімге пайда?!
Себебі сот – дау алаңы. Ондайда абырой-беделді, адамгершілік пен имандылықты жиып қойып, амал жоқ, айтысуға, таласуға, тартысуға мәжбүр боламыз. Көп жағдайда ашуға беріліп, бір-бірімізге ауыр сөздер айтамыз. «Ашу – дұшпан» дегендей, кешегі туыстар бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы мүмкін. Мұның алдын қалай алуға болады? Әрине «ақыл – дос» деп халқымыз бекер айтпаған. Құқықтық қоғамда өмір сүргеннен кейін адамдар кез келген қарым-қатынасты дауға ұластырмауға тырысулары қажет. Ел арасында «ауруды елемеген өледі, дауды елемеген төлейді» деген сөз бар. Даудың алдын алу үшін, қандай да бір құқықтық қарым-қатынас жасаудың алдында, олар кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінгендері жөн. Ал дау туындағанда ең дұрысы, татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі тарап та ұтады. Уақыт пен қаржы үнемделеді. Көршілестік, туыстық, достық қарым-қатынас нығаяды. Жүйкеге салмақ түспейді, абырой-беделіміз сақталады.
– Дауларды бейбіт түрде шешу және қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Басты бағыт – Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы.
Жыл басынан бері Жоғарғы сотта 7 топ жұмыс істеуде. Қазір «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Оңтайлы орта», «SMARTСОТ», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағдарламалары іске асуда. Осы топтар оншақты заң жобасын әзірледі. Оларды Парламентке енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдармен келісулер жүргізілуде.
Заң дайындау жұмыстарымен қатар, өңірлерде Татуласу орталықтары ашылуда. Онда кәсіби медиатор, психолог, конфликтолог, адвокат, нотариус, сот орындаушылары, заңгерлер жұмыс істейді. Мақсат – келіссөз жүргізудің тиімді жолдары, екі жаққа қолайлы шешім іздеу және ұсыну.
Сотта татуласу. Мысалы, кәсіпкер бір мекемеге қызмет көрсетті делік. Бірақ, ақшасын ала алмай, әуреге түседі. Басшысына кіре алмайды. Сонда кәсіпкер не істеуі керек? Сотқа жүгінуден басқа амал жоқ. Ал сот ұзақ әрі қымбат процесс. Оңтүстік Кореяда мұндай жағдайда кәсіпкер баждың тек 25 пайызын төлеп, сот арқылы мекеме бастығын келіссөзге отыруға мәжбүрлейді. Мекеменің қарызы бар екені анық болса, судья дереу бұйрық шығарып, төлеуге міндеттейді. Немесе өздері бітімге келеді. Осындай тәжірибелерді біздің де заңдарға енгізсек деген ойымыз бар.
– Қалай ойлайсыз. Дауды шешудің тиімді әдісі бар ма?
– Неге болмасын? Дауды шешудің ең тиімді әдісі – татуласу. Бірақ, соттарда істер саны еселеп өсуде. 2016 жылы судьялар 1,7 млн, 2017 жылы – 2,7 млн іс пен материал қараса, 2018 жылы 3,8 млн іс пен материал қаралады деген болжам бар. Адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың дау шеңберіне тартылып отырғанын аңғаруға болады. Бұл жөнінде Елбасымыз өзінің Жолдауында нақты атап көрсетті.
Жалпы, дамыған елдерде даудың 80-90 пайызы бітіммен аяқталады. Ұлыбритания, Канада, т.б. елдерде дау көбінесе медиация тәртібімен шешіледі. Тек бітіммен шешуге келмейтін, күрделі даулар ғана сотта қаралады. Сотқа жүгіну өте қымбат. Сол себепті тараптардың көбі алдымен сотқа емес, медиаторға жүгінеді.
Бізде жағдай өзгеше. Дауды сотсыз шешу әдісінің артықшылығы бола тұра, ол тәсіл аз қолданылады, тіпті сот тәжірибесінде 2-3%-ға да жетпейді.
– Мұның себебі неде?
– Оның себебі әртүрлі. Медиация институтын жетілдіру жұмысы жүйеленбеген. Медиацияны қолдану тек соттың жұмысы деп түсінеміз. Дауды сотсыз шешу әдісін білмейміз. Келісімге келу мәдениетіміз төмен. Осы кемшіліктерді жою үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, дауды шешудің балама әдістерін үйретіп, өңірлерде Татуласу орталықтарын ашудамыз. Тағы бір себеп – бізде сотқа жүгіну өте арзан. Мысалы, ажырасу жөніндегі талап арыз беру үшін теңгемен санасақ, Беларусьте 15 мың, Украинада 19 мың, ал Қазақстанда небары 72 теңге. Даулардың 35% – мүліктік емес. Солар бойынша мемлекеттік баждың құны 1203 теңге. Әрине, осылай болған соң көбісі медиаторға емес, бірден сотқа барғанды жөн көреді.
– Өмір болған соң кейде достар арасында дау кездесіп жатады. Бірлесіп кәсіпкерлікті бастап, жұмыстары алға басқан соң түсінбеушілік туындайтын оқиғалар аз емес. Сондай сәттер жеке өзіңізде кездесті ме?
– Әрине, ондай мысалдар баршылық. Тек менде емес, кез келген адамнан сұрасаңыз, сондай жағдайлар туралы айтып бере алады.
Мәжіліс депутаты болған кезде біраз адамға жұмыс орнын беріп отырған екі кәсіпкердің арасында дау туындап, соттасуды бастайды. Екеуін шақырып алып, сөйлестім. Қарасам, екеуінің де кінәсі бар. Сотқа жүгінсе, әділ шешім табуы екіталай. Сондықтан «ортақ шешім іздеңдер, ашуға берілмеңдер, сөйлесіңдер, арыздарыңды қайтарып алыңдар» дедім. Өйткені, шағын қала, араласатын, баратын орталары бір. «Сотқа жүгінуге асықпаңдар. Сенім жоғалады, бизнестерің тұралайды, абыройдан жұрдай боласыңдар. Сол керек пе сендерге? Сабырмен шешіңдер» деп кеңес бердім.
Бір-екі айдан кейін олар «Айтқаныңыз жақсы болды. Татуластық. Абыройымызды сақтап, күш-жігерімізді кәсібімізге жұмсап жатырмыз» деп айтты. Олардың сыйластықты сақтап қалғанына мен де қуандым.
Осыған қатысты бір ой. Көбінесе кәсіпті бастамай тұрып негізгі шарттарды егжей-тегжейлі белгілеп алмаймыз. Ауызша айтып қоя саламыз. Әрбірі өз түсінігін басшылыққа алады. Әрекетін құжат арқылы реттемейді. Қағазға түсіруді ұят көреміз, сенімсіздік қой деп мән бермейміз. Осындай кемшілігіміз ертең міндетті түрде дауға әкеп соғуы мүмкін. Екі ортада дауды шешіп беремін дейтін ақыл айтушылар да пайда болады. Бұл олардың табыс көзі болуы мүмкін.
– Даулардың көбісі отбасылық даулар, соның ішінде мүлікті бөлісу туралы. Оларды сотсыз шешу жолы қандай?
– Қызмет бабында аталған даулардың біразымен кездестім. Кезінде абыройлы, атақты деген кісілердің балалары, туыстары дүние-мүлікке таласып, бет жыртысып, бірін-бірі көре алмай кеткен жағдайлар көп. Бұрын айрандай ұйып отырған беделді әулеттің абыройы төгіліп, соттасып жүргені ыңғайсыз. Солардың арыздарын шешу барысында «әке-шешелері қандай керемет тұлғалар еді, бүкіл халық білетін, ел сыйлайтын, ал балаларының істеп жүргені тіпті ақылсыздық» деген ойға келіп, іс-әрекеттеріне қатты күйінетінмін.
Бір отбасының отағасы өмірден өтті. Балалары арасында келіспеушілік пайда болып, үлкен дауға ұласу қаупі туындайды. Себеп – қалған дүние-мүлікті бөлісу. Ойлана отырып, оларға хат жаздым. Қайтыс болған кісінің тынбай еңбектеніп, артына мол мұра қалдырғанын, күндіз-түні жұмыс деп жүріп, тіршіліктің қызығын көре алмай кеткенін айттым. «Араларың суып кетсе, оның ұяты бүкіл әулетке келеді ғой. Сол мүлікті бөлісеміз деп жүріп, ардақты әкелеріңнің атына кір келтіріп алмаңдар» деген ойымды жеткіздім.
– Хаттың пайдасы болды ма?
– Болғанда қандай. Олар хатты оқып, көңілдері босап, бір-бірінен кешірім сұрап, бірін-бірі жұбатып, «шынында да елге мазақ бола жаздаппыз ғой» десіп, ортақ шешімге келу жолын іздестіре бастады.
– Бар мәселені ақылмен шешкен жөн дейсіз ғой.
– Меніңше, кез келген мәселені ақылмен, сабырмен шешкенге не жетсін. Бес күндік өмірде сыйластық, татулықтан қымбат ештеңе жоқ. Дүние-мүлік бауырдан артық емес. Ағайынның басы қосылмай қалса, оның зардабын келешекте балалары тартады, араласуды қояды. Сонда болашақ ұрпаққа қандай өнеге көрсетеміз?
– Ойыңызды түсіндім. Хат жазу татуластырудың тиімді әдісі екенін айттыңыз. Бұған қатысты сізде мысалдар көп сияқты.
– Әрине тек өз басымнан өткен жағдай емес. Естігенім де бар. Адам арасындағы біраз шиеленісті хат арқылы шешуге болатынына сенімдімін. Өйткені эмоцияға берілген адамдар ашу үстінде бірін-бірі тыңдамайды, мойындамайды. Ал, хат жазу барысында өзің жеке отырып, орын алған жағдайға ақылмен, сабырмен баға бересің.
Бір мысал. Күйеуі мен әйелі 20 жылдан астам отасқан. Шаңырақ құрғанда тұрмыстары төмен болатын. Жастары елуден асып, аяқтарына нық тұрған шақта күйеуінің жас әйел алғысы келеді. Әйелі өзіне тиісті мүлікті алу үшін сотқа барайын десе, мемлекеттік баж төлеу, заңгерді жалдау дегендей оған біраз қаржы қажет. Қатты қиналып, хат жазайын деп шешеді. Онда өмірде бірге бастан кешкен жақсылықтарды, екеуінің қандай қиыншылықтарды бастан өткізгенін, отбасы, балалары үшін тыным таппай еңбектенгендерін жазады. Енді елеулі жасқа келгенде далада қалғанына күйінеді. Екеуінің соттасып жүргені балаларына да абырой әпермесі анық. Сол себепті күйеуінің ойланып, дұрыс шешім қабылдауын өтініп сұрайды. Хатты оқыған соң, күйеуі қатты ойланып-толғанып, ақылға салып, даулы қатынастарын сотсыз реттеген, сұрағанын берген. Қашанда аталы сөзге тоқтаған халықпыз ғой. Тек жүрек кілтін таба білуіміз керек.
– Елбасы халықтың сотқа деген сенімін арттыру туралы тапсырма жүктеді. Осы бағытта қандай нақты жұмыстар жасалуда?
– Халықтың сотқа сенімін арттыру – өзекті мәселе. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар баршылық. Біраз қанатқақты жобаларымыз өз нәтижелерін беруде. Сол нәтижелерді іске асыру үшін заңдарға түзетулер мен өзгерістерді енгізу туралы жобаларды дайындадық. Мазмұны мынадай:
1. Кадр мәселесі. Елбасы сот жүйесіне бірде-бір кездейсоқ адам өтпеуі тиіс деді. Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп биыл жаңа HR-технологияларын енгіздік. Судьялыққа үміткер заңдарды білгеннен бөлек сауатты жаза білуі, жазғанын жете түсіндіре білуі тиіс. Психологиялық тест арқылы үміткердің сот жүйесіне келу ниетін байқаймыз. Қатаң іріктеуден кейін ғана судья лауазымына жол ашылады. Бұрын әрбір төртінші үміткер конкурстан сәтті өтіп, судья болып тағайындалса, талап күшейгеннен кейін үміткерлердің 2-3%-ы ғана судьялыққа қол жеткізуде.
2. Сот шешімдері көбінесе қиын, түсініксіз тілмен жазылады. Оның үстіне шешімді жариялаған соң судья оны түсіндірмей, залдан дереу кетіп қалады. Сондықтан Нормативтік қаулы қабылдау арқылы сот актісінің мазмұны, құрылымы, тіліне қатысты тиісті талаптарды бекіттік. Енді үкімнің, шешімнің, қаулының мазмұны қарапайым адамға түсінікті тілде жазылып, тараптардың келтірген әрбір уәжіне жауап беріледі. Сонымен бірге судьялар өз шешімдерін жариялаған соң сот залында не себептен осындай шешімге келгенін тараптарға түсіндіруге міндетті. Осы талап 1-қыркүйектен күшіне енді. Қазір сот шешімдеріне жоғары сатыларға шағымдану азайды.
3. «Жеті түйін» бағдарламасындағы «Үлгілі сот» және «Әділ процесс» деген жобалар Сарыарқа аудандық сотында қанатқақты режімде іске асуда. Жұртқа ыңғайлы болу үшін фронт-кеңсе ашылып, сотқа келушілерге барынша қолайлы жағдай жасадық. Кеңсе ашық, кедергісіз қызмет көрсетуде. Ресепшн-консультант маман келушілерге барлық шараларды түсіндіреді. Залда Wi-Fi, гаджеттер үшін қуат көздері бар. Электронды кезек жұмыс істейді. Бейнебайланыс орнатылған. Келушілерге ақпараттық кабинет, медиатор, адвокат, татуластырушы судья қызмет көрсетеді.
Сарыарқа аудандық сотының үлгісімен республиканың 20-дан астам соттарында бірыңғай дизайндағы фронт-кеңселерді аштық. Жұмыс жалғаса береді. Елбасының тапсырмасы бойынша айтылған жаңашылдықтар сотқа деген ел сенімін арттыруға, озық электронды қызметті көрсетуге, соттардың жұмысына заманауи форматты енгізуге мүмкіндіктер береді.
4. Өңірлерде Соттан тыс татуластыру орталықтары ашылуда. Қазір мұндай орталықтардың саны 25-ке жетті. Мысалы, Қызылорда қаласындағы орталықта 6 маман тек татуласу ресімімен айналысады. Жергілікті әкімдер де осындай үлгімен жұмыс жасаса, орталықтардың қызметіне сұраныс артады, халық та үлкен сеніммен барады.
5. Татуласумен айналысатын арнайы судья бар. Мұндай судьялар саны – 81. Мысалы, Астананың экономикалық сотында аталған судьяның көмегімен істердің 72 пайызы бойынша тараптар бейбіт келісімге келуде.
6. Судьялар біраз уақытын техникалық, процестік емес жұмысқа арнайды. Шетелдерде мұндай жұмыспен судьяның көмекшісі айналысады. Осы мәселені шешу үшін ішкі резерв есебінен судьяның көмекшісі лауазымын енгізуді қолға алдық.
7. Виртуалды сот жүйесін енгізу жоспарда бар. IT-сервис арқылы сот отырысына кез келген аймақтан қатысуға болады. Мысалға, әркім өз үйінде немесе жұмыс орнында отырып-ақ сот процесіне қатысуға мүмкіндігі бар.
8. Отбасылық сот құру жобасы қанатқақты түрінде қыркүйекте басталды. Сондай санаттағы істерді қарайтын 53 судья белгіледік. Аталған істердің 41 пайызы бойынша тараптар ортақ келісімге келуде. Соның нәтижесінде қаншама отбасын татуластыруға қол жеткізілді.
9. Түнгі соттар. Жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру төлемін алуға 100 күн кететін. Осы мерзімді түнгі соттарды енгізу арқылы 7 есеге азайттық.
10. Жуырда Жоғарғы сотта Қабылдау орталығын ашамыз. Онда күн сайын Жоғарғы сот азаматтарды арыз-шағымдары бойынша қабылдайды. Қазір қабылдау ережесі дайындалып жатыр.
11. Ақтау үкімдерінің саны көбейді. Өткен жылдың 9 айында 74 адам ақталса, биыл 194 адам ақталып, ақтау үкімдерінің саны 2,6 есеге көбейді. Ақтау ұсақ құқық бұзушылық емес, ауыр қылмыс бойынша орын алып отыр.
12. Цифрландыруға қатысты жобалар да баршылық. Сервистерді электронды форматқа көшірудеміз. Сот залдары электронды болмақ. Сот отырыстарын да онлайн-режімге қайта жабдықтау ойда бар. IT-аналитика арқылы халық сот төрелігінің болашағын болжауға мүмкіндік алады.
Бұл қанатқақты жобалар Елбасы Жолдауындағы сот жүйесіне жүктелген тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етеді. Атап айтсақ, соттардың заманауи түрлері мен озық цифрлық технологияларды енгізу, артық уақыт пен қаржы шығындарына алып келетін сот процедурасын қысқарту, т.б. өз шешімін табады. Үкіметпен бірге осындай кешенді шаралар қабылдаймыз.
– «Хабар24» телеарнасынан 6 қарашада «Дело особой важности» хабарын көрдік. Бағдарлама туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл ғылыми-танымдық бағдарлама. Сол күні сағат 18:20-да бірінші хабар берілді. Енді апта сайын эфирге шығады. Сарапшы-заңгер Жоғарғы соттың практикалық қызметіне журналистік зерттеу жүргізеді. Онда соттар үшін бағдар болатын құқықтық ұстаным, төменгі сатыдағы кемшіліктерді жою жолы, мораль және заң нормаларына бағыну, т.б. мәселелер қамтылмақ.
– 21 қарашада елордада «Қазмедиа» орталығында «Әділет алаңы» деген жаңа фильмнің тұсаукесері өтпек. Фильмнің ерекшелігі неде?
– Бұл судьяның жұмысына қатысты алғашқы отандық туынды. Әділдік пен заңдылық туралы. Заңды бұзу арқылы әділдік орнатуға болмайды. Заңды сыйлайтын қоғамда ғана адамдар келешегін уайымдамайды, балаларының болашағына алаңдамайды, кәсібін еркін жүргізеді. Заңды құрметтейтін мемлекет қана алға жылжиды, дұрыс дамиды. Фильмдегі басты идея осы. Сот процесіндегі істер нақты өмірден алынған, шынайы фактілерге құрылған. Меніңше, фильм өте тартымды, әсерлі, мазмұнды шықты.
Жалпы, отандық сот жүйесіне жүктелген басты мақсат – халық сенімін арттыру. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Біліктілігіміз бен тәжірибемізді сот жүйесіне жүктелген осы міндеттерді сәтті жүзеге асыруға жұмсаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрлан ҚАЛҚА,
журналист