Бішкектегі акцияда ұсталғандарға айыппұл салды

0

Қырғызстан соты Бішкекте 17 қаңтар күні орталық «Ала-Тоо алаңында өткен митингіде қамалған 21 адамға айыппұл салды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бақыт Сейітов хабарлады. Оның айтуынша, митингіде ұсталғандардың әрқайсысына «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 3 мың сом (16 мың теңгеден астам) айыппұл салынған. Биыл күшіне енген Құқық бұзушылық туралы кодекске сай, айыппұлды ішкі істер бөлімінің басшысы сала алады.

Митингіде ұсталғандар айыппұл слынған соң босатылған. Енді олар айыппұлды бір ай ішінде төлеуі керек. Осы мерзім ішінде төлемесе, олардың ісін сот қарайды.

17 қаңтарда Бішкекте Қырғызстандағы Қытайдан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен жүздеген белсенді наразылық шарасын өткізген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Бішкектің орталық алаңына акцияға шыққандар талаптарын хатқа түсіріп, депутаттарға тапсырмақ болды. Бірақ парламентке барған оларды милиция ғимаратқа кіргізбеді.

Алаңға Қырғызстан сыртқы істер министрі Алмаз Иманғазиев шығып, елдегі қытай мигранттарының барлығы заңға сай жұмыс істеп жүргенін айтқан.

Милиция акцияны тарату кезінде 21 адамды ұстап, шкі істер бөліміне апарған.

Акцияға шыққандар Қытайдан келген мигранттарды елден шығарудан өзге қытайлық еңбек мигранттарына берілетін квотаны азайту, төлқұжатқа «ұлты» деген бағанды қайта жазу, белсенділерді қудалауды тоқтату, қырғыз қыздарының шетелдіктерге тқұрмысқа шығуына тыйым салу және парламент депутаттарының санын азайтуды талап еткен.

Дереккөз: Азаттық