Бішкекте Қытай мигранттарына қарсы наразылар парламентке барды

0

Бішкекте Қытайдан келген мигранттарды елден шығаруды талап еткен жүздеген адам Жогорку Кеңешке барды. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 17 қаңтарда Бішкектің орталық алаңына акцияға шыққандар талаптарын хатқа түсіріп, депутаттарға тапсырмақ болды. Бірақ парламентке барған оларды милиция ғимаратқа кіргізбеді.

Акцияға шыққандар Қытайдан келген мигранттарды елден шығарудан өзге қытайлық еңбек мигранттарына берілетін квотаны азайту, төлқұжатқа «ұлты» деген бағанды қайта жазу, белсенділерді қудалауды тоқтату, қырғыз қыздарының шетелдіктерге тқұрмысқа шығуына тыйым салу және парламент депутаттарының санын азайтуды талап етті.

Белсенділер бұл талаптардың кейбірін 7 қаңтардағы жиын кезінде де қойған.

Әрқилы есеп бойынша, акцияға 500-ге тарта адам қатысып жатыр.

Қарсылық акциясына қатысқандар алдына сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің директоры Алмаз Иманғазиев шығып, интернетте қытайлық мигранттар туралы тарап жатқан мәліметтердің «жалған» екенін айтты. Оның сөзінше, Қырғызстанда жүрген қытайлық еңбек мигранттары елге заңды түрде кірген. Белсенділер министрлік өкіліне қытайлықтар жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды тексеріп көруді ұсынды.

Дереккөз: Азаттық