Бішкекте белсенділер жемқорлыққа қарсы шығып, БАҚ-қа қысым жасамауды талап етті

0

18 желтоқсанда Бішкекте «Ала-Тоо» алаңында бейбіт акция өтіп, жиналғандар биліктен жемқорлықпен күресуді және ақпарат құралдарына қысымды тоқтатуды талап етті. Бұған қоса, акцияға келгендер бас прокурор Откурбек Жамшитовты отставкаға жіберу туралы президентке жіберілетін хатқа қол жинады. Тұрғындар бас прокурор кеден қызметіндегі жемқорлық схема жайлы журналистік зерттеуге тиісті дәрежеде реакция танытпады деп есептейді.

Азаттықтың Қырғыз қызметі тікелей эфирде хабар таратты:

Акция басында ұйымдастырушылар өздерін арандатуы мүмкін екенін ескертті. Парламент ғимараты жағынан қалпақ киіп, ту ұстаған ондаған адам келіп, акцияның «ақша төленген жасанды шара» екенін айтты. Олар ақырында көпшілікті арандатпауға уәде берді.

Бейбіт жиынға қатысушылар жемқорлықпен күресу үшін тиімді шара қолдану қажеттігін айтып, ақпарат құрал өкілдеріне қысым жасауды тоқтатуды талап етті. Олардың қолында бірнеше талап жазылған плакаттар болды. Бішкекте қараша айының соңында да осыған ұқсас акция өткен. Белсенділер ол кезде билікке бес талап айтқан: құқық қорғау органдары басшыларын отставкаға жіберу және кеден қызметіндегі жемқорлық схемасына қатысы бар барлық лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды талап еткен.

Жақында Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы ірі зерттеу материал жариялаған. Жемқорлық туралы журналистік зерттеуге көмектескен тегі ұйғыр қытай кәсіпкері Айеркен Саймаитиді 10 қарашада Стамбулда атып кеткен. Ол журналистерге заңсыз әрекеттерге мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов отбасының қатысы барын айтқан.

Оқи отырыңыз: Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді

Матраимовтың өзі 29 қараша күні ҰҚМК ғимаратында бес сағат тергелді. Журналистердің зерттеуінен соң Қырғызстанда наразылық акциялары да өтті. Қарсылық шарасын жаһанның әр елінде жүрген қырғыз жастары да қолдады.

Azattyq