Бішкекте алып қашу мен зорлық құрбандарын еске алу шарасы өтеді

0

Бүгін, 27 мамырда Бішкекте қыз алып қашу мен зорлық құрбаны болғандарды еске алу акциясы өтеді. Азаттықтың Қырғыз қызметіне ұйымдастырушылардың бірі Гуляйым Айылчының айтуынша, тап осы күні бір жыл бұрын Шу облысындағы Жайыл аудандық полиция бөлімшесінде Бурулай Турдаалыкызы өлтірілген.

«Басты мақсатымыз — қырғыз қоғамына осы мәселе туралы айту. Күштеп некелестіру әлі барына назар аударту. Бір жағынан 27 мамыр — Бурулай Турдаалыкызының қазасының бір жылдығы. Еске алу шарасын қыршын кеткен Бурулайға арнаймыз. Қыз алып қашу мен некеге мәжбүрлеуге жаза күшейгенімен, мәселе шешілген жоқ», — дейді Айылчы.

2018 жылы 27 мамырда Шу облысының Жайыл аудандық ішкі істер бөлімінде 20 жастағы студент Бурулай Турдаалыкызы қаза тапқан. Тергеу оны Марс Бодошев өлтірген деп тұжырым жасаған. Жігіт қызға үйленбек болып, оны алып қашқан. Милиция бөлімінде қызды пышақтап, өзін де жарақаттаған. Сотта Бодошов қызды алып қашқанын мойындаған, бірақ оны өлтірді деген айыпты жоққа шығарған.

Былтыр 11 желтоқсанда Бішкек қаласының Свердловск аудандық соты Марс Бодошевты айыпты деп танып, 20 жылға соттаған. Судья Марс Бодошевтың кінәлі екендігі толық дәлелденгенін айтып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім кескен. Бодошевтың серігі Акмат Сейитов 7 жылға сотталды.

Ал биыл 9 сәуірде Турдаалыкызының қазасына байланысты сотқа тартылған Шу аудандық милиция бөлімшесінің үш қызметкерін сот «қызметіне салғырт қарау» бабымен айыпты деп танып, айыппұлға кескен. Айыптау тарапы милиционерлерді бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Azattyq