Бішкек тұрғындары қарсылық белгісі ретінде заң бұза бастады
Жаңа заң ережелеріне қатысты қоғамда пікір әртүрлі. Жаңа ережелермен келіспеген кейбір азаматтар қарсылық ретінде көптің көзінше түкіре бастады. Сондай наразы жастың бірі Бішкектегі Ақ үй алдына келіп, “түкіру акциясын” ұйымдастырған. “Мұнда президент пен парламент депутаттары отырады” деген азамат әрекетін камераға түсірген.
“Мен мұны елді тонаған және қарызға батырған бұрынғы және қазіргі шенеуніктерге арнаймын. Сонымен бірге бұл қолынан ештеңе келмейтін басқарушыларға да арналады. Міне қараңыздар” деп акция мақсатын түсіндірген.
Видео: «Түкіру» акциясы (Орыс тілінде)
“Парламентке түкірдім” атты видео қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қолданушылардың кейбірі оны айыптаса, кейбірі қолдаған. Көп кешікпей интернетте осыған ұқсас тағы бір бейнежазба пайда болды. Онда тағы бір жас жігіт түкіріп, сол үшін 80 долларға дейін айыппұл төлеуге дайын екенін айтқан. Ол “азаматтарды тонаудың” жаңа жолын тапқан биліктің әрекетіне наразы болған.
Полиция бейнежазба авторларының бірін тауып та үлгерген.
“8 қаңтарда Бішкектегі Первомай аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Первомай аудандық әкімдігіне 1992 жылы туған адамды іс материалдарымен бірге жеткізді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары құқық бұзушылық туралы кодекстің 71-бабына сәйкес шешім шығарады” деді милиция инспекторы Нұрлан Қайназаров.
Заң бойынша, “түкіруге қатысты” барлық істерді жергілікті өзін-өзі басқару органдары қарайды. Бірақ әлі күнге дейін нақты кімнің істермен айналысатыны белгісіз: мэр ме әлде арнайы бөлім бе?
Бішкек әкімдігі өкілдері әзірге бұл мәселені зерттемегенін, заңның қабылданған нұсқасын алып үлгермегенін айтты.
Журналист Гүлзада Шаршеналиева аталған бапты жүзеге асырудың нақты механизмі заңда көрсетілмегенін, құжаттың шикі күйінде қабылданғанын айтады.
“Кімнің тексеріп, кімнің айыппұл салатыны, оны қалай дәлелдейтіні түсіндірілмеген. Сонымен бірге ақшаның қайда аударылатыны да белгісіз. Заң шикі әрі түсініксіз, сондықтан азаматтар шығып, Ақ үйге түкіріп жатыр” дейді журналист.
“Халық көптен бері билік өкілдеріне «атқарған істері» үшін түкірудің жолын таппай жүр еді, міне, сондай мүмкіндік туды. Міне, енді түкіріп жатыр. Бұл психологиялық тұрғыда шаршағандықтың белгісі” дейді Бішкек көшелерінде пікірін айтқан азаматтардың бірі.
Жаңа кодексте «түкіруден» басқа милиция немесе жедел жәрдем көлігін өтірік шақыру, қоғамдық орындарда темекі тарту, тыныштық сақтамау, сонымен бірге қоқысты тастау, өртеуге қатысты жазалау шаралары қатайған.
Дереккөз: Азаттық