Бішкек соты экс-премьер Исаковтың қамау мерзімін тағы ұзартты

0

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты қамауда ұстау мерзімін 2019 жылғы 13 ақпанға дейін ұзартты. Бішкектің Бірінші май аудандық соты осындай шешім қабылдағанын экс-премьердің адвокаттары айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Адвокаттар соттың шешімімен келіспей, жоғары тұрған инстанцияларға шағым беретіндерін айтады.

Бұған дейін, 18 желтоқсанда Бішкек қалалық соты Сапар Исаковты қамауда ұстау мерзімін 2019 жылғы қаңтардың 5-іне дейін ұзарту туралы Бірінші май аудандық сотының шешімін күшінде қалдырған. Ол жолы соттан Исаковты қамауда қалдыра тұруды сұраған Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) тергеушілері Бішкек жылу энергетикалық орталығын (ЖЭО) жаңғыртуға қатысты құрылыс-техникалық сараптама қорытындысы әлі дайын емес деген уәж айтқан.

МҰҚК Сапар Исаковты «Бішкек жылу энергетикалық орталығын (ЖЭО) жаңғырт» бағдарламасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен биыл 5 маусымда ұстаған. 18 желтоқсанда өзіне бұлтартпау шарасын қолдануға қатысты өткен сот отырысында Исаков саяси қуғынның құрбаны болдым деп мәлімдеген.

Оның алдындағы сот отырыстарында Сапар Исаков тергеушілерге жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеп, өзіне тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған. Тергеу орындары оған»Қырғызстан президенті аппараты жетекшісінің сыртқы саясат жөніндегі орынбасары қызметінде жүргенде шетелдік компания мүддесін қорғады» деген айып таққан.

Сапар Исаков өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Дереккөз: Азаттық