Бішкек белсенділері Қытайда қысым көріп жатқан қырғыз-қазақ ұлттарына араша сұрап БҰҰ-ға шағымданды

0

Қырғызстандық белсенділер Қытайда қысым көріп жатқан этникалық қырғыз және қазақ ұлттарына араша сұрап Біріккен ұлттар ұйымына шағымданды.

Бішкек қаласында орналасқан БҰҰ үйінің алдына бірнеше қырғызстандық белсенді жиналып, Қытайда қысым көріп жатқан этникалық қырғыз, қазақ және басқа да аз ұлттардың мәселесіне назар аударуды сұрап шеру өткізді.

Акцияны ұйымдастырушылар БҰҰ мен халықаралық қауымдастық өкілдерін Қытайда болып жатқан жағдайға назар аударуға шақырып, БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутеррештен аталмыш мәселені Қауіпсіздік комитетінің жиынында қарауды сұрады.

Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, пикеттен кейін БҰҰ-ның Қырғызстандағы өкілдігі бес белсендіні қабылдап, арыз, тілектерін тыңдайтындықтарын мәлімдеген.

Қытайдағы аз ұлттардың жергілікті билік тарапынан қысым көріп жатқандығы жөнінде осыған дейін халықаралық БАҚ беттерінде сан мәрте айтылған. Ресми Бейжің өзіне тағылған айптардың барлығын жоққа шығарып, саяси үйрену орталықтарындағы адамдардың барлығы өз еркімен барғандығын алға таруда. Болжам бойынша, қазіргі таңда Қытайдағы саяси үйрену лагерьлерінде бір миллионға жуық адам бар.

«The Qazaq Times»