Бишімбаевтың жазасын жеңілдету үшін 100 млн теңге алған: Сот күдіктіге қатысты үкім шығарды
Астанада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жазасын жеңілдету үшін 100 миллион теңге алған әйел сотталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен алаяқтық жасауға оқталды және аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі деп айыпталған Г. есімді елорда тұрғынына қатысты үкім шығарды.
Соттың хабарлауынша, астаналық алаяқ биыл мамырда бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін аяусыздықпен өлтірді деген айыпталып, сотталып жатқан кезде экс-шенеунікке қатысты үкімді жеңілдету және апелляциялық сатыға беру үшін одан 100 млн теңге көлемінде сыйақы алған.
«Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, бейнежазбамен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді», – делінген үкімде.
Дегенмен сотталушы кінәсін мойындамаған, ал оның қорғаушысы сотталушыны ақтауды сұраған.
«Ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Сот үкімімен алқабилер сотымен күдікті көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды», – деп жазылған сот үкімінде.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет астаналық әйел Қуандық Бишімбаевтың жазасын жеңілдету үшін 100 миллион теңге алды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.