“Бишімбаевты ақтауға кейбір адамдар кірісіп кетті»: Динара Зәкиева мәлімдеме жасады
Салтанат Нүкенованың өліміне себепші Бишімбаевтың жақында соты басталмақ. Алайда қазірден бастап фактілердің қасақана бұрмалануы мүмкін екеніне алаңдаған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева инстаграмм парақшасында жазба жариялады.
«Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету, жақындарының қолынан қаза табу секілді көпшілікті дүрліктірген осындай сұмдық оқиғалар қоғамдағы үлкен мәселенің жарасын ашып отыр.
Қазір Салтанат Нүкенованың ісі бойынша сотқа дейін немесе сот процесінде сотталушыны ақтау үшін фактілерді қасақана бұрмалауға әрекет жасалатыны туралы ақпарат бар. Кей адамдар бұл медиа науқанға кірісіп кетті. Бұған адамдардың қалай қатыса алатынын, зорлық-зомбылықты қалай ақтауға болатынын түсіну мүмкін емес. Аталған іс бойынша әділ сот жазадан құтылу мүмкін еместігі туралы нақты сигнал болуы тиіс.
Әлбетте, зорлық-зомбылықпен күресте қатаң заң керек. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес біз депутаттар, мемлекеттік органдармен бірлесіп қыркүйек айының басында заң жобасын әзірледік, ол қазір Мәжіліс қарауына берілді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің басты факторы қоғамда «заңдылық пен құқық тәртібі» қағидатын сақтай отырып, агрессия мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне «нөлдік төзімділік» дамыту болуы керектігін атап өтті. Ал бұл бізге байланысты. Азаматша, әйел және Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі ретінде мен сот барысын жіті қадағалайтын боламын. Қоғам ретінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың әрбір жағдайында әділдік іздеуіміз керек”, — деп жазды ол.
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов