Бишімбаевқа қатысты сот процесін кез келген адам қарай алады – Жоғарғы сот

0

Сот отырысы онлайн-трансляция арқылы көрсетіледі

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер алқасына кандидаттарды іріктейтін жабық отырыс басталды, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі және 2 қосалқы) алқабилер алқасы құрылады.

Осыған орай, алқабилер алқасына іріктеу тәртібі түсіндірілді.

«Қазақстан Республикасының соты ең алдымен істерді заңдылық, заң мен сот алдындағы барлығының теңдігі, тараптардың теңдігі және ашықтық қағидаттарын сақтауға бағытталғанын атап өткім келеді.

Өздеріңізге мәлім, Қ.Бишімбаевқа қатысты сот талқылауына қоғамның қызығушылығының артқанын ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарынан ашық онлайн-трансляция ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

Осылайша, онлайн-трансляция арқылы кез келген адам, соның ішінде БАҚ өкілдері бұл сот процесінің барысын бақылай алады.

Бұл шешім сот талқылауының ашық әрі жариялы болғанын және жалғасатынын білдіреді. Естеріңізге сала кетейін, істің алдын ала тыңдауы да ашықтық қағидаты сақтала отырып өтті», — деп жазды ҚР Жоғарғы сотының коммуникация бөлімінің басшысы Перизат Сәдуақас желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, процеске қатысушылардың және қатысуға ниет білдірушілердің көптігін ескере отырып, отырыстан онлайн-трансляция жүргізілетін қосымша екі зал ұйымдастырылды.

Сондай-ақ журналистер үшін онлайн-трансляциясы бар арнайы зал дайындалғаны атап өтілді.