«Бишімбаев пен Дәкібаевтың соты»: Тоқаев онлайн соттардың тиімділігін айтты
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жылда бір рет өтетін қазақстандық судьялардың IX съезін ашты.
Президент өз сөзінде онлайн режимінде өтіп жатқан сот процестерінің артықшылығын атап өтті.
«Биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн режимінде көрсетіле бастады. Екі сот процесі өтті. Сот істері миллиондаған адамдардың көз алдында мүмкіндігінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтты деп айтуға болады. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талаптар күшейтілді. Сотқа қатысушы тараптар өз пікірлерін еркін білдіре алады. Барлық сот отырыстарында осындай жоғары стандарттар сақталуы тиіс», — деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн соттардың арқасында жастар арасында заңгер мамандығына деген қызығушылық артқанын атап өтті.
«Соттарды онлайн өткізудің тағы бір ұтымды жағы бар. Азаматтардың құқықтық санасы өзгеруде. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар құқықтық саладан мамандарды үлгі ала бастады», — деді Мемлекет басшысы.
Биыл Қазақстанда алғаш рет екі сот процесінің онлайн-трансляциясы өткізілді:
▪️Жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылған ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың соты;
▪️Жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соғу туралы іс бойынша, сол әрекетке барған Нұрболат Дәкібаев кінәлі деп танылды.
Фото: bizmedia