Бишімбаев нағыз түрмеге кетті
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев 8,5 айдан кейін уақытша қамау изоляторынан түрмеге кетті. Бұл ақпаратты Azattyq Rýhy тілшісіне Қылмыстық атқару жүйесінің баспасөз қызметі растады.
«Осы сотталушы сот үкіміне байланысты қауіпсіздігі жоғары түрмеге кетті. Қылмыстық-атқару кодексінің 88 бабына сәйкес, сотталушы тіркелген мекендегі түрмеге кететінін хабарлаймыз. Осы кодекстің 93 бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жарамайды», — деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Қуандық Бишімбаев 2023 жылдың 8 қарашасынан 9 қарашасына қараған түні өз мейрамханасында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрған. Соның салдарынан Нүкенова 9 қараша күні кешке таман көз жұмған. Бишімбаев тура сол күні Астанадағы уақытша қамау изоляторына қамалып, 2024 жылдың көктеміне дейін тергелген. Оның соты 2024 жылдың 27 наурызында басталып, 13 мамыр күні аяқталды. Судья оны 24 жылға бас бостандығынан айырды.