Бишімбаев мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаға тартылмайды – министрлік

0

Әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін көлікті мас күйінде басқарғанын сотта мойындағанымен жүргізуші куәлігінен айырылмайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, — деп хабарлайды Kznews.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтылғандай, Бишімбаевқа қатысты алкогольдік, нашақорлық немесе өзге сараптама жүргізілмеген. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі ӘҚБтК-нің (ӘҚБтК) 608-бабында көзделген құқық бұзушылықтың квалификациялық белгісінің құрамдас бөлігіне көлік құралын мас күйінде басқару кіретінін еске салды.

«Медициналық куәландырудың ресми қорытындысы болмағандықтан және ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өткендігін ескере отырып (ӘҚБтК-нің 62-бабы) азаматты аталған бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды», — деп хабарлады ІІМ.

Еске салайық, 4 сәуірде сотта жәбірленушінің адвокаты Жанна Уразбахованың сұрақтарына жауап берген Бишімбаев қарашаның 8-інен 9-ына қараған түні оның «орташа деңгейден сәл жоғары» алкогольдік мас күйінде болғанын, бұл оған көлік тізгінін басқаруға кедергі жасамағанын айтқан еді.

«Демек, сіз мас күйде көлік жүргіздіңіз ғой, мен сізді дұрыс түсініп тұрмын ба?» – деп сұрады Уразбахова.

«Иә, сөзсіз түсінікті», — деп жауап берді Бишімбаев.