Бірыңғай зейнетақы қорынан есепшоттар автоматты түрде ашылатын болады. Жаңалықтарға шолу

0

Фрилансерлерге зейнетақы жарнасын төлеу міндетті болмайды

2019 жылдың 1-ші тоқсанында заңнамаға міндетті зейнетақы жарнасын төлеуді оңтайландыруға бағытталған өзгерістер енгізіледі. Содан кейін жалдамалы жұмысшы ретінде қос қызметте жүргендер (жеке еңбек келісім-шартын жасау аясында) және азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша қызмет көрсетіп жүргендер табыс көзінен міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады. Олар үшін міндетті зейнетақы жарнасын қызметтерін жалға алып отырған – заңды тұлғалар төлейтін болады.

Сотта анасы Денис Теннің тапсырыспен өлтірілгенін айтты

Алматыда Денис Теннің өлімі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотқа қатысқан анасы Оксана Тен баласының неге тапсырыспен өлтірілді деп санайтынын айтты. Автоұрылар әу баста айна ұрлауды мақсат тұтпаған деп санайды ол. «Бірінші куәгердің айтқанындай, Денистің қасында екі айна жатқан. Ұсталғандарға керегі айна емес екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ал, сумкасында айнадан да қымбат заттары болды: компьютер, ақша, iPhone. Бірде бір затын алмағанына қарағанда, олардың басқа миссиямен келгені көрініп тұр», – деді О.Тен.

Сотта анасы Денистің өмірлік ұстанымдары біреуге ұнамады немесе оның өміріндегі сəттілік біреуге кедергі болған деген дәйекті тілге тиек етті.

Доллар тағы да екі теңгеге арзандады

Қазақстан қор биржасындағы жұма күнгі таңертең теңге АҚШ долларына шаққандағы орташа бағам – 379,15 теңгеге сатылды. Кешегімен салыстырғанда, шетел валютасының бағамы 2,49 теңгеге төмендеген.

Зейнетақы қорында есепшот автоматты түрде ашылатын болады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан есепшотын ашу үшін жеке адамдар бөлімшелерге аяқтарымен барып, өтініш жазатын. 2019 жылдың 1-ші тоқсанынан бастап, жарна төлеушілердің қорға түскен алғашқы жарнасының негізінде есепшот автоматты түрде ашылатын болды. Жарна төлеушілердің барлық қажетті мәліметтерін БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алатын көрінеді.

Қарағанды академиясының басшысы ауысты

«Бандамыз» деп жар сала жарияланған бейнекөріністен кейін кеше ҚР ІІМ Қарағанды академиясы бірінші курс басшысының орынбасары А.Тастайбеков қызметінен қуылған еді. Енді міне, осы оқиғадан кейін іле-шала академияның бастығы полиция генерал-майоры Д.Кенжетаевты ішкі істер органдарынан босатты.

ІІМ Баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл қызметке полиция полковнигі А.Дәрменов тағайындалды. Жаңа басшы ҚР ІІМ Алматы заң институтын, ІІМ академиясы адъюнтурасын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Германиядағы Еуропалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі зерттеу орталығында білімін жетілдіріп, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Кембридж университетін бітіріпті.

16 қаңтарда Қазақстанда телеарна мен радио жұмыстары уақытша тоқтатылады

Бұл күні «Қазтелерадио» АҚ жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Осыған орай сағат 3.00 ден 17.00 дейін Отау тв-ның барлық теле – радиоарналарында хабар тарату тоқтатылады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі желтоқсанда 26 440 теңге болды.Жан басына шаққандағы орташа мөлшері 2018 жылғы желтоқсан айында 2017 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 3,3 % артқан.

Sputniknews.kz: Қаңтардан бастап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен яғни, 60 125 теңгеден аспайтын қазақстандықтар кіріс салығынан босатылады. Былтыр 2 шілдеде Салық кодексіне тиісті өзгертулер мен заңнамалық актілер қабылданған болатын. Жалақысы 25 АЕК-тен аспайтын жұмысшылардың кіріс салығының 90 %-ынан босатылуы туралы нормалар бүгін 1 қаңтарда күшіне енді. Жұмысшының бірнеше жұмысы болып, әрқайсысында жалақысы 25 АЕК-ке жетпесе, әр жұмыс беруші жеке 90% кіріс салығынан босатады.

Дереккөз: https://informburo.kz