Біртанов: Жазда вирус бәсеңдеп, күзде қайта күшеюі мүмкін

0

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп жатқан шақта «қатаң карантин шараларының арқасында бір апта ішінде коронавирустың таралу деңгейі 52 пайыздан 12 пайызға дейін азайды» деп мәлімдеді.

«Басқа елдердегі жағдай көрсеткендей, [Қазақстанда] вирусқтың негізгі кезеңі сәуір-мамыр айларында болмақ. Сәуірдің алғашқы жартысында шарықтау шегіне жетеді. Бұл кезеңде шамамен 3500 науқас болады деп ойлаймыз. Эпидемиологтар жазда вирустың таралу шапшаңдығы бәсеңдейді деп болжайды, бірақ жазда эпидемия толық тоқтамайды. Кейбір сарапшылар күзде эпидемия қайталануы мүмкін деп отыр» деді Біртанов Facebook парақшасында.

Осыған орай медициналық мекемелерден арнайы орындар дайындалып, жасанды демалу аппараты, қанды оттегімен толтыратын арнайы аппараттармен жабдықталған бөлімдер әзірленген.

Денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте үш инфекциялық аурухана салу қажеттігі туралы ұсыныс жасаған. Министрдің айтуынша, 15-20 күнде аурухана құрылысы аяқталуы тиіс.

Қазақстанда соңғы дерек бойынша, 569 адамнан коронавирус табылған. 36 адам айыққан. 6 адам қайтыс болған.