Біртанов қай дәрігерлердің жалақысы артатынын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үкімет отырысында биылғы жылдың жазында денсаулық сақтау саласындағы қай қызметкерлердің жалақысы артатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Министр учаскелік дәрігерлер ауруларды басқару бағдарламасы бойынша тиімді жұмыс істеуі үшін, 2019 жылдың басынан бері 36 мың учаскелік медициналық қызметкердің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға арттыру қарастырылғанын айтты. Ол үшін бюджеттен 5,3 миллиард теңге қарастырылып отырған көрінеді.
Біртановтың сөзінше, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2019 жылдың 1 мамырына дейін 2019-2020 жылдарға арналған Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша жол картасын бекітуі тиіс.
Құжатта АМСК нысандарының құрылысы, толық жөндеуі мен жабдықталуы, жаңа учаскелердің ашылуы, медициналық кадрлармен жасақталуы мен АМСК дәрігерлерінің жүктемесін бекітілген елді мекен бойынша 1 700 адамға дейін төмендету қаралуы керек.
Сонымен қатар 2019 жылдың 1 маусымынан бастап денсаулық сақтау саласындағы төмен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыру керектігі айтылды.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz