Біртанов карантинді қатаңдату туралы: «Коронавирус ешқайда кетпеген»

0

Қайтадан қатаң карантинге кіруге себеп бар. Алайда онымен мәселенің бәрі шешілмейді, деп мәлімдеді Біртанов  

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатаң карантиндік шараларды енгізуге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, карантин тәртібін жеңілдеткеннен кейін бірқатар өңірде науқастардың саны артқан. Мәселен, 15-24 мамыр аралығында республикада 2 800 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, 25 мамыр мен 3 маусым аралығында 3 500 науқас анықталған. Осылайша инфекция жұқтырғандардың саны 25 процентке көбейген.

«Қайтадан қатаң карантинге кіруге себеп бар, сөйтіп науқастардың санын азайта аламыз. Алайда тәжірибе көрсетіп тұрғандай, қатаң карантин бәрін шеше алмайды. Әрине, оны қиын жағдайда қолдануға болады. Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде ондай шара өз тиімділігін көрсетті», — деді Біртанов онлайн брифингте.

Осы орайда министр карантин шараларын жеңілдету шешімін дұрыс түсіну қажеттігін жеткізді. Себебі қазір санитарлық нормаларды бәрібір сақтау қажет.

«Бізге тұрақты карантин жағдайында өмір сүруге үйрену керек. Карантин бар ма, жоқ па, коронавирус ешқайда кетпеген. Оған қарсы вакцина әлі шыққан жоқ. Сондықтан сақтық шараларын барынша сақтау қажет», — деп атап көрсетті Біртанов.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың екінші толқыны басталып кетті – Біртанов 

Министр науқастардың саны қай өңірде күрт артқанын да айтты. Бірінші орында Маңғыстау облысы тұр. Одан кейін Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстары келеді. Ал Шығыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтанда науқастардың саны біртіндеп азайып жатыр.

«Біз осындай жағдайды күнделікті байқап отырғаннан кейін әр өңірде ерекше шектеу шараларын енгіземіз. Оған жергілікті деңгейдегі бас санитар дәрігерлердің құзіреті бар. Мысалы, Теңізшевройлда коронавирус жұқтырғандар көбейгеннен кейін Жылой ауданында шектеу шаралары енгізіледі. Тек сол ауданға, тек сол жерге шектеу енгізіледі. Бірақ ондай шешімдер жергілікті штабтарда қабылданады», — деп түсіндірді Біртанов.



sputniknews.kz