Бірқатар облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды

0

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында 7-8 сәуір күндері қатты дауыл соқты, осыған байланысты төтенше жағдай енгізілген

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Қазақстанның солтүстік облыстарында табиғаттың тосын мінезінен кейін жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Сіздер білесіздер, бірқатар өңірде – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында 7-8 сәуір күндері қатты дауыл соқты. Мұның салдары жеке секторда, қоғамдық, әкімшілік ғимараттарда төтенше жағдайға әкеп соқты. Тиісінше бұл өңірлерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды», — деді Ильин онлайн брифингте.

Әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен қираған ғимараттарды қалпына келтіруге қаржы бөле алады.

Осы орайда ол биыл елімізде су тасқынына қарсы шараларға бюджетте қанша теңге қарастырылғанын айтты.

«Республикалық бюджетте 12 миллиард теңгеден аса қаржы көзделген. Алайда әзірге республикалық бюджеттен су тасқынына қарсы шаралар мен салдарын жоюға ақша бөлінген жоқ», — деді министр орынбасары.

Ал жергілікті бюджетте бұл мақсатқа 34 миллиард теңге қарастырылған. Бұл резервтен де су тасқынына қарсы шараларға ақша бөлінбеген.



sputniknews.kz