«Бірнеше рет ЭКО жасаттым»: Дильназ Ахамадиева алғаш ана атанған сәтін есіне алды
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Дильназ Ахмадиева тұңғышын дүниеге әкелген сәтін есіне алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі Jibek Joly арнасындағы “Ана болғым келеді” бағдарламасында жан сырын ақтарды.
“Кеше тұрмысқа шықтың, бүгін сенен “Қашан туасың?” деп сұрайды. “Күте тұрыңдаршы, күні кеше ғана тұрмыс құрдым ғой” деп айтқым келеді. Жас қызға болсын, жасы кеп қалған келіншекке ондай сұрақ қоюға болмайды. Өте ұят нәрсе. Бірі жауап береді, бірі ондай сұраққа дайын емес. Біздің қоғамда еркектен гөрі, әйелге жауапкершілік артып қояды. Өзім 39 жасымда тұңғышымды дүниеге әкелдім. Маған қойылған диагноз – жатырдан тыс жүктілік. Бір емес, бірнеше рет ЭКО жасаттым. Оған дейін мен ЭКО-мен дүниеге келген балалардың белінен бала тарамайды, ми дамуында өзгеріс болады. Аутист немесе Даун синдромына ұшырайды дегенді жиі естуші едім. Бірақ ол жалған ақпарат екен. Мен олардың арасынан еш байланыс көрмеймін. 15 адам осылай айтса, 3 адам басқаша айтады. Біз сол 15 адамды тыңдамай, 3 адамды тыңдадық. Ал нәтиже қандай болғанын өздеріңіз де білесіздер. Мен бұл жерде генетикалық мәселе бар деп ойлаймын», – деп жан сырын ақтарды әнші.
Сонымен қатар эстрада жұлдызы болашақта бала асырап алғысы келетінін де жасырмады.
“Қазіргі жолдасыммен қарым-қатынасымыз жақсарып, бақытты жанұя болып жатсақ, бала асырап алғым келеді. Балалы бола алмаймын деп үміт үзуге құқығымыз жоқ. Бәрі бір Құдайдың қолында. Мен сеніп, үміт үзбедім. Ал оның қандай жолмен болғаны маңызды емес. Ол табиғи жолмен, ЭКО, суррогат ана арқылы болуы мүмкін. Егер қатты балалы болғыңыз келсе, бірақ сізде ондай мүмкіндік болмаса, бала асырап алуға болады. Депрессияға кіріп кетпеңіз. Бастысы, не үшін балалы болғыңыз келетінін ойлаңыз. Болашақта қыз бала асырап алуым мүмкін. Мен оған психологиялық дайындалып жүрмін. Бала көтеру, жүкті болу бөлек нәрсе, ал балаға ана болу басқа нәрсе. Қорқудың қажеті жоқ. Сенімді жоғалтпаңыз. Жағымсыз ойларды азайтыңыз», – кеңес айтты өнер иесі.
Еске салайық, Дильназ Ахмадиева ұлының әкесімен Тайланд елінде кездейсоқ кездесіп қалған еді.