“Бірнеше құжатқа қол қойдырды” — Жұлдыз Әбдукәрімова ең жақын адамын сотқа бермек
Актриса, Қайрат Нұртастың жары Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында жақын адамымен соттасатынын жария етті. Оның айтуынша, актрисаның әбден сеніміне кірген адам сырласы оны алдап, белгілі бір құжаттарға қол қойдырып алған.
«Ол кездер мен үшін сынақты күндер еді. Жаным қиналып, айналамнан ақыл сұрайтын адам таппай, басымды тауға да, тасқа да соғып жүргем. Сөйтіп сенделіп жүргенде күндей жарқ етіп, алдымнан бір кісі шықты. Бәлкім менің құтқарушым осы болар деген ой жылт етті. Содан ол адам іші-бауырыма кіріп, мұңымды тыңдап, сырымды біліп, үйімнен талай ас ішті. Сөйтсем, оның өз жоспары болған екен. Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында», – деп жазды актриса.
“Қит етсе қалімді сұрап, менің басымдағы проблемамды өзінікіндей көріп, уайымдап жүрді. Мен болсам ештеңеден хабарым болмай, Жаратқанға алғыс айтумен болдым. Қысқасы, қасымда жарты жыл жүріп, мендегі бар құнды дүниені санап жүрген екен. Мен өз қайғымнан есімді жия алмай жүргенде, ол біраз құжатқа қолымды қойдырып алды. Ертең сол кісімен кездесуге барамын. Мәселе шешілмесе сотта кездесеміз. Егер оқырманым талап етсе, соттың ашық түрде, ел алдында онлайн трансляциялануын талап етемін Сотта оқиға бүге-шүгесіне дейін айтылады. Әділ өтеріне сенемін. Ол адаммен 2 жыл бойы телефонмен сөйлескен әңгіменің барлығы заңды түрде іске енді», – деп мәлімдеді өнер иесі.