Бірлік – жетістіктің бастауы | «Айқын» газеті

0

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Мемлекет басшысы жиынға қа­тысу­шыларды және барша Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде мемлекетіміз өзінің даму жолында зор же­тістіктерге жеткенін атап өтті.
Елбасы егемен еліміздің құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.
– Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елор­да жаңғырған Қазақстанның символы сана­лады. Биыл Астанамыздың 20 жылдығын еліміздің барлық өңірімен бірге жоғары деңгейде атап өт-тік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды нарықтық реформалар миллионнан астам азаматымыздың кәсіпкерлік қабілеттерін экономикаға жұмылдыруға жол ашқанын айтты.
– Экономиканы жүйелі индустрияландыру өң­деу өнеркәсібінің үлесін айтарлықтай арт­тыруға септігін тигізді. Бүгінде мұндағы өнім көлемі шамамен 9,5 триллион теңгені құрап отыр, – деді Президент.
Сондай-ақ Елбасы көлік-логистика инфра­құрылымына тартылған инвестицияның арқа­сын­да Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқ­а айналғанын атап өтті.
Тәуел­сіз­дік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс дең­гейінен төмен тұрғындар саны 15 есе азайып, ал нақты еңбекақы 4 есе артқанын айтты.
– Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұр­ғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жас­қа жетуі. Осы маңызды жеңістеріміз бен игі нә­тижелеріміз біз таңдаған бағыттың дұрыс екенін растап отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті 2018 жылы еліміздің сыртқы саясатта да, жаңғыру бағдарламаларын іс­ке асыру аясында да қол жеткізген басты же­тіс­тіктеріне тоқталды.
– Біздің жауапты әрі сындарлы сыртқы сая­сатымыз әлемдік аренадағы өз орнымызды айтар­лық­тай нықтай түсуге мүмкіндік берді. Қазақ­стан­ның жемісті бітімгерлік қызметі Астанадағы Си­рияаралық келіссөздердің нәтижелі болуына сеп­тігін тигізді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» ха­лы­қаралық қаржы орталығын, «Астана хаб» ІТ-стар­таптардың халықаралық технопаркін және «Жа­сыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын іске қосу жө­ніндегі жұмыстардың нәтижесіне назар
ау­дар­ды.
– Қоғамдағы бірлік пен келісім біздің барлық жетістігіміздің бастауында тұрғанын әрдайым есте ұстауымыз керек. Этносаралық және конфес­­си­яара­лық дамудың қазақстандық моделі бүгінде ха­лықаралық брендке айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміздегі кейінгі баста­маның бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапа­сын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арт­тыруға бағытталғанын атап өтті.
– Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің маңызды бағытымыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспа­налы болады деген сөз, – деді Елбасы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел тұр­ғындарының қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қазақстандағы әрбір отбасының игілігі мен берекесін нығайтуға үлес қосатынына сенім біл­дірді.

Дереккөз: Айқын