«Бірге оқыдық»: Нұрболат Абдуллин алғаш рет әйелі жайлы айтты — Қазақстан жаңалықтары
Жеке өмірін жұрттан жасыратын Нұрболат Абдуллин алғаш рет әйелі жайлы айтты. Ол жұбайы Фаридамен институт қабырғасында оқып жүрген кезінде танысқан. Бүгінде екеуінің ортақ екі қызы бар.
Бұл туралы «Хабар» арнасының «Ережесіз әңгіме» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Нұрболаттың жары Фарида да өнер адамы. Мамандығы бойынша — музыкант, вокалист. Екеуі жоғары оқу орнында бірге оқыған. Сөзіне қарағанда, Фарида бір кездері диплом бойынша жұмыс істеген. Алайда бүгінде өнерден алыс, бала тәрбиесінде.
«Әлі де Құдай денсаулық берсе жасайды», — деген Нұрболат жұбайының сахнаға шықпайтынын кесіп айтты.
Сондай-ақ, әріптестері жұбайларын көрсетіп жарысқа түсіп жатса да, өз ұстанымынан айнымайтынын жеткізді.
«Трендке еріп кетудің қажеті жоқ. Өзімнің қағидам, мақсаттарым бар», — деп атап өтті ол.
Абдуллиннің әр бейнебаянында сұлу қыздар бой көрсетеді. Тіпті, әншінің актриса арумен аймаласқан клипі бар. Алайда жұбайы Нұрболатты аса қызғанбайтын көрінеді.
«Ол кісі аса қатты кірісіп, талқыламайды. Клип түсірейін деп жатқанымда, тіпті қай әнге деп сұрамайды. Қызығады. Бір жағынан тәрбие шығар деп ойлаймын. Өнер мен өмірді шатастыруға болмайды. Ол халыққа ұсынылатын дүние», — деді Нұрболат.
Әнші тұңғышы Шахназдың есімін өзі қойғанын атап өтті. Үйдің кенжесі болғандықтан, бұған рұқсаты бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, сұхбат берген сәтте екінші сәбиінің де есімін өзі қоятынын айтып қалды.
Естеріңізде болса, жақында екінші рет қызды болған Нұрболат сәбиіне Табиғат деп есім берген.
stan.kz