Біреу сау баласын тастайды, біреу шала туған баласының өмірі үшін арпалысады.
Біреу сау баласын тастайды, біреу шала туған баласының өмірі үшін арпалысады.
Аналық инстинкт біреуде бар, біреуде жоқ. Жақында босанып, перзентзанада жатқанымда, кішкентайымыздың билирубині жоғары болған соң, фотолампаның астында жатуға тура келді. Ол бөлімшеде мерзімінен бұрын туылған нəрестелер жатады екен. Яғни, 600 грамдық, 800 грамдық нəрестелер де жатыр?! Солардың арасында барлық аналардың көзіне əп-əдемі ірі бала ерекше түсті. Біз баламызды емізуге барсақ, оның анасы келмейді. Ерте не кеш келіп жүрген шығар деп ойладық. Кейін білдік, тастанды бала екен, күні-түні шырылдап жылай береді. Сап-сау бала, денсаулығында кінəрат жоқ. 25 жастағы (!) əйел тастап кетіпті. Киінген де, бала қажет емес деп кете барған. Салмағы 4100 грамм. Медбикелер атын Айша деп қойыпты. Өмір деген қызық қой, патология бөлімшесінде 650-800 граммдық сəбилер жатыр. Аналары мұнда айлап жатады. Əр үш сағат сайын баланың жағдайын жасап, шприцпен сүтін береді. Нағыз батыр аналар. «Баламыз 26 грамм қосыпты. Кеше 800 грамм еді»- деп қуанған əкені көрдім… Аналық, əкелік, қамқоршылық инстинкт болғанша, адамзат азбас-ау. Бірақ медбикелердің сөзі көңілімді құлазытты. Қайбір жылы бір мұғалім келіншек егіздерді тастап кете барыпты…
Өмір деген қызық қой, біреу сау баласын тастайды, біреу шала туған баласының өмірі үшін арпалысады. Өмірдің сын екенін, ертең əркімнің өз қателігі үшін жауап беретінін жастардың сезбей жүргені қиын.
Кішкентай Айшаның анасы қайтып оралып, бауырына сəбиін басса екен деп қатты тіледім, кейін медбикелерден естідім, қайтып оралмапты, баланы Сəбилер үйіне алып кетіпті…
Көрілген: 301 Пікірлер: 0