Бірегей мұраны ұрпаққа аманаттау маңызды
Бүгінгі күннен сонау Ұлы Жібек жолына дейінгі, Алтын ғасырдан ғұн мәдениетіне дейінгі, қызғалдақтардан түркі мәдениетіне дейінгі элементтерді Ұлы даладан, өз бастауын алатын географиялық нүктесінен бөліп қарауға болмайды. Автор айтып өткендей, мұның барлығының қазақ халқының тарихына ықпалын жете зерттеп, осынау бірегей мұраны келер ұрпаққа аманаттау қажет. Бұл – мәдени байлықтың маңызды бөлігі.
Жалпы, кез келген істе халықтың төл мәдениеті мен өзіндік тарихы ескерілуі құба-құп. Осыған орай, «Мәдени мұра» бағдарламасы осы тарихи тәжірибені сақтауға және оны жан-жақты зерделеуге бағытталды.
Өз тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан үлкен белестерден асты, алда әлі талай бағындырар асулар бар.
Осы орайда испан тілді немесе Латын Америкасы халықтарына алдағы уақытта Ұлы даланың, түркі халықтарының мәдениетін және олардың әлемдік мәдени дамуға қосқан үлесін кеңірек таныту қажет деп ойлаймын.
Экспедиция мен фольклорлық поэтика түркі мәдениеті үшін қаншалықты маңызды болса, біздің мәдениетіміз үшін де соншалықты құнды. Осы мәселе біздің арамызда мәдени көпір болуы мүмкін.
Шамамен 600 миллион адам испан тілін ана тілімен бірдей қолданады, ал тағы 60 миллионы зерделеу үстінде. Мұның түркі мәдениеті мен тарихын тануға қызығушылығы зор ауқымды аудитория екені айтпаса да түсінікті.
Жақын болашақта біз бұл мәселелер туралы испан тілінде де егжей-тегжейлі мәліметтер ала аламыз деп ойлаймын. Академиялық және университеттік мекемелер қазақ және түркі мәдениетін шетелдерге кеңінен танытуда, ілгерілетуде маңызды рөл атқарады деп үміттенемін. Бұл ретте сіздер үшін көрсетуге тұратын, ал біз үшін үйренуге тұратын мұралар жеткілікті екені анық.
Пауло БОТТА,
Халықаралық қатынастар саласындағы PhD доктор, профессор (Аргентина)