Бір жылда Қазақстанда 102 заң қабылданды – Тоқаев

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты жолдау жасап жатыр. Ол жылға қорытынды жасай отырып, 102 заң қабылданғанын сөз етті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының сөзінше, өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күрес, сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді.

“Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылады. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды”, – деді Тоқаев.

Президент несие қоғамдық дертке айналғанын айта өтті. Ол бұл туралы да арнайы заңдар қабылданғанын түсіндірді.

“Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз”, – деді ол.