«Бір үйдің қос ұлы тойға ақша жинаймын деп закладчик болған» — депутат

0

Астанада жастарға ой салар қойылымның тұсаукесері өтті

Елордада «Есірткісіз Астана» жобасы аясында жас режиссер Олег Федоренконың «Независимые» атты драмасының тұсаукесері өтті. Қойылымды Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері, студенттер мен оқушылар тамашалады, деп хабарлайды Kznews.kz

Спектакль бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі — есірткінің жастар арасында кең етек жаю проблемасын көтерген. Режиссер есірткіге салынып, түзу жолдан адасқан алты адамның жан күйзелісін көрсете отырып, нашақорлықтың түбі адам тағдырын талқандаумен аяқталатынына көз жеткізеді.

«Шындыққа негізделген өте өткір драма қойылды. Әр кейіпкердің есірткіні қалай татып көргені, кейін оған тәуелді болып, нашаның ең ауыр түрлерін қолдануға дейін барғаны көрсетіледі. Мұның бәрі өмірден алынған. Мәселен, Қазақстанда 4 жарым мыңнан астам адам есірткіге байланысты түрмелерде жазасын өтеп жатыр, оның ішінде 3 900 адам «закладчиктер». Спектакльде де кейіпкерлер ақыр соңында калониядан бір-ақ шығады. Олар көп жылға сотталып кетеді. Жақында Парламентте есірткіге байланысты жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын қабылдадық. Құжатта есірткі өндірушілер мен закладчик-жеткізушілердің жазасы бөлек-бөлек қаралып отыр. Өзгерістерге сәйкес, закладчиктер 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер закладчик бірнеше пакет есірткіні үйдің ауласына қойып кетсе, 5 жыл арқалайды, егер бірнеше адам бірігіп әрекет жасаса немесе балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, мектепке қойып кетсе, таратқан есірткінің мөлшері өте көп болса, жаза соғұрлым қатайа береді. Егер мектеп кабинетінде есірткі дайындаумен айналысса, онда өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұл жаза түрлері өте әділетті дер едім», — деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев.

Депутаттың сөзінше, закладчиктер бірден 10 жылға сотталып кетіп жатады. Жаңа заң жобасы бойынша енді жеңіл жолмен ақша тапқысы келгендер әрекетіне қарай жазасын алады.

«Бір үйдің екі бірдей ұлы тойға ақша жинаймын деп есірткі таратумен айналысып, түрмеге тоғытылды, закладчиктердің арасында қызын киноға апарғысы келген жігіт те, несиесін жапқысы келген азамат та бар. Өте қарабайыр себептермен көп жыл арқалап кетіп жатыр», — дейді депутат.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев есірткінің орны толмас зиянын қоғамға түсіндіру жұмыстарын күшейту керек екенін айтады.

«Синтетикалық есірткі қазіргі күні өте жылдам таралып жатыр. мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам дертіне айналған осы қатерлі індетке, яғни есірткіге қарсы күрес жүргізу қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын. Ауруын жасырған өледі демекші, нашақорлықтың орны толмас зиянын қоғамға айтып, көрсете беруіміз керек. Бүгінгідей театрдың мүмкіндігімен болсын, әртүрлі фильмдер арқылы күреспейтін болсақ, бұл дертті ешқашан жеңе алмаймыз. Қойылымға келген азаматтардың ішінде кем дегенде бес-алтауы есірткінің ұрпақ болашағына балта шабатынын, үлкен қасіретке әкелетінін түсінсе, бұл да бір жеңіс», — деді депутат.

Еске салсақ, таяуда депутаттар есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселесін талқылап, осы салаға қатысты заңнаманы қайта қарау, яғни есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға тағайындалатын жазаны қатаңдатуды ұсынған еді.