Бір түнде қазақшасын ұмытып қалған ба?

0

МЕРЕКЕЛІК «МЕЙКАП»

Кеңсеміздің төменгі қабатында бір шағын буфет бар. Онда бір-бірінен аумайтын екі қыз жұмыс істейді. Алғашында екеуін егіз деп ойлайтынмын. Иілген садақтай қас, сансыз жебедей самсаған кірпік, дүрдиген ерін екі қызды бір анадан туды дегізетіндей. Кейін олардың егіз де, туыс та емес, жәй ғана қызметтес екенін білдік.

…Бүгін де студент Azamat Maulenuly інімді ертіп буфетке тартқанмын. Екі қыз да орнында.

-Қарындас, екі сүт қатқан шәй мен еті бар самса бере қойыңыз, -дедім садақтай қасы түйіліп, самсаған кірпіктері жанарын жауып тұрған буфетшіге. Күнде қазақша сөйлесіп жүрміз ғой. Бұл жолы орысша жауап берді.

-Не поняла!

Мынаған не болған? Бір түнде қазақшасын ұмытып қалған ба? Екінші қызға назар салдым. Сол күнде көріп жүрген қыз сияқты. Ұқсап тұр. Ол да иығын қиқаң еткізіп, бұрылып кетті. Осы кезде студентім ақырын сыбырлады.

-Аға, бұлар басқа қыздар ғой! Кешеден бері мұнда жаңа сатушылар келген.

-Әй, ана кірпігі, қасы, дүрдиген ерні ұқсап тұр емес пе? Бұлар әдей істеп тұр!-дедім ашуланып.

-Аға, мұны «мейкап» дейді. Беттерін осылай әрлеп алған… Кейде қыздарды бір-бірінен ажырату қиын. Әсіресе, мерекеде.

Студентім түсіндіріп жатыр. Шәй ішіп отырып та қыздар жаққа қарап қоямын. Ой, сұмдық-ай! Мына екеуі кешегілерден аумайды ғой, аумайды. Лифтіге кірсек гүл құшақтаған бір топ қыз тұр. Бұлар да бір-бірінен аумайды. Бәрінде «мейкап»! Баяғыда «Зита мен Гита» деген кино көргенбіз. Егіз қыз туралы. Соның соңғы жағында жігіттері қыздарын шатастырып алушы еді… Абайлайықшы! 

Арман Сқабылұлы

Фейсбуктегі парақшасынан

Көрілген: 2    Пікірлер: 0