«Бір тонна қырыққабатты тегін алып кетіңдер»: Түркістан облысындағы шаруалар дау-дамай шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында қырыққабат еккен диқандар елде орын алған жағдайдың кесірінен шығынға батты. Төтенше жағдай жарияланған кейін олардың пісіп жетілген өнімнің керегі болмай қалды. Егістікте шіріп жатқан көкөністі шаруалардың өздері шауып тастап жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

«Капустаның бәрін шауып тастап жатырмыз, міне. Кімге керек бұл, сонша еңбек етіп істегеніміз бір тиын болды. Бес гектар капустаны бұзып тастап жатырмыз, 10 теңгеден алмай жатыр», — деп мұңымен бөлісті шаруа.

Жүздеген шаруа пісіп жетілген өнімін қайда сатарын білмей әлек болуда. Өнімін жыл сайын Ресейге өткізіп жүрген шаруалар, коронавирустың кесірінен шекараның жабылғанынан кейін өнімдерін қайда жіберерін білмей дал болуда. Елімізде қырыққабатты тұтынушы аз болған соң, оның бағасы тіпті түсіп кетіпті. Шаруалар мұңын айтып, облыс әкіміне шағымданған соң, Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені бүгін Үкімет отырысында көтеріп, жәрдем сұрады. Түркістан облысы әкімінің айтуынша, егістікте жатқан 300 мың тоннаға жуық өнімді өткізуге қазір көмектеспесе, шаруалардың хәлі мүлдем нашар болғалы тұр.

«Қазір бір келісі 10-15 теңгеге түсіп кетті. Фермерлер үлкен шу көтеріп жатыр. Сондықтан, министрліктермен бірге, қандай мүмкіншілік бар, облыстармен бірге отырып шешейік. 250 мың тонна капуста дайын тұр. Бірдеме етіп өткізуіміз керек. Әйтпесе үлкен проблема болады, Асқар Ұзақбаевич», — деді Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі.

 

stan.kz