«Бір тойдан миллион таптым»: Асаба Нұржан Аташ тойдан алатын гонорары туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Соңғы кездері отандық телехикаяларда басты рөлді сомдап жүрген асаба жігіт Нұржан Аташ Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, ақша жинау құпияларымен бөлісті. 

«Бір тойдан миллион таптым»: Асаба Нұржан Аташ тойдан алатын гонорары туралы

Нұржан, сәлем. Жаңа қоныс құтты болсын. Қаншаға алдыңыз?

Рахмет, Жаратқан жақсылықты бізден сізге, сізден бізге нәсіп етсін. Оны жария етпей-ақ қояйыншы. Ақша туралы көп айта бергім келмейді. Несібемізге бұйырған пәтерді алдық. 

Тікелей сіздің тапқан еңбегіңіздің жемісі ме? Әлде ата-анаңыз көмектесті ме?

Әрине, ата-анамның рухани, моральді көмегінің арқасы деп айта аламын. Ол кісілердің елден алған алғысы, жасаған жақсылықтарын Алла Тағала маған еселеп берді деп ойлаймын. Ал, қаржылай жағынан келген кезде бұл менің соңғы төрт жылдағы маңдай терімнің нәтижесі. 

Ендеше, Нұржан Аташтың ақша жинаудағы бес құпиясын айтып өтіңізші…

Бірінші, ол — сабырлық. Ақша бірден миллиондап жиналмайды. Сабыр ету керек. Екіншісі, ысыраптан өзіңді тыю. Мысалы, кейде қажеттілік пен қажетсіздікті ажырата алмай қаламыз. Егер сол нәрсесіз сіздің бір тірлігіңіз бітпейтін болса алыңыз. Ал, егер де жай елдің сөзі мен мақтаныш үшін болса оған ақша шашпаңыз. Мен осылай әрнәрсені сараптап отырамын. Үшіншісі, аптаға және айға жұмсайтын қаржымды есептеймін. Төртінші, ол – нақты жоспар. Менде біржылдық табыс осындай болу керек деген нақты мақсат болады. Соны табысты айға, айды күнге, күнді сағатқа бөліп, бір сағатта табу керек қаржымды есептеп шығарамын. Сосын сол бағытта жұмыс жасаймын. Әр сағат, минутымды пайдалы өткізуге тырысамын.

Қазір бірнеше фильмдерде басты рөлдерді сомдап жүрсіз. Арнайы кәсіби білім алу жоспарда бар ма?

Негізі киноәлеміне енді қадам басқанда білім алу туралы ойланып жүрдім. Бірнеше арнайы курстарға да бардым. Бірақ,жоғарғы оқу орнына түсуге ол кезде реті келмеді. Ал, қазір аға буын өкілдерімен араласып жүрмін. Кәсіби нағыз шеберлермен сыйласамын. Керегімді сол кісілерден сұрап, ақылдарын тыңдауға тырысамын. Сосын түсірілім алаңында да нағыз мамандармен шыңдалып жүрмін. Меніңше, практика адамды өсіретін сияқты. Әзірге студент атану жоспарда жоқ. 

Сізге төленген ең қымбат гонорар қанша және қайда жұмсадыңыз?

Нақты қанша екенін айтпай-ақ қояйын. Шамамен, бір миллионнан астам сыйақы берген еді. Бір тойдың иесі адамгершілігімді, жеке басымды сыйлап, өзінің рахметін айтып осындай гонорар берді. Бір күнде бір тойда тапқан табысым бір миллионнан асты. Әрине, ол ақшаны жинап, үй сатып алдым. 

Коронавирус сізге қаншалықты әсер етуде? Тойларыңыздан бас тартып жатырсыз ба? Әлде «тәуекел түбі – жел қайық, өтерсің де кетерсің» деп жүрсіз бе?

Мен тек Аллаға сенетін адаммын. Аурудан қорқып, үйде тығылып жата алмаймын. Егер тағдырыңа өлім, ауру жазылса сені қайдан болса да табады. Құдай жамандықтан сақтасын. Сондықтан, тойларда асабалық қызметімді көрсете берер едім. Алайда, Президент жариялағандай қазір барлық тойханалар жабық. Сондықтан, менің де тойбизнестегі жұмысым тоқтап тұр. 

Жылына неше рет шетелге шығасыз?

Негізі мен шетелге демалыспен шығып көрген емеспін. Денсаулық немесе жұмыс барысында Қытайдың бірнеше қалаларына және көршілес Қырғызстанға бардым. Болашақта ата-анаммен бірге демалысқа барғым келеді. Мен өзім демалуға кеттім дейтін эгоист жан емеспін. Жақындарымды да бірге алып кеткім келеді. Шетелге бару керек. Бұл өзіңе салған үлкен инвестиция ғой. 

Кредит мәселесі сізге таныс па? Алып көрдіңіз бе?

Иә,  25 жасымда жаңа пәтерге көшкен едік. Сол кезде үйге қажетті кейбір техникалық заттарды кредитке алған едім. 1 500 000 теңге кредит алдым. Бірақ, сол еңбектің арқасында небәрі 2-3 айдың ішінде жауып тастадым. Одан кейін алған жоқпын. 

Хайп дегенді қалай түсінесіз?

Меніңше, хайп – тілден тайып кету немесе дұрыс қабылданбайтын жайт деп түсінемін. Хайптың да түрі көп шығар. Бірақ, сол нәрсеге аса қызыға қоймағандықтан ар жағына еш үңіле қоймадым. 
Түсінікті. Мысалы, сізге өте көп гонорар ұсынып, жалаңаш фильмге түсуге ұсыныс жасаса келісер ме едіңіз? Нақтылап кетсек, Тәуекел

Мүсілімнің соңғы рөліне шақырса келісесіз бе?

Тәуекелдің денесіне суши қойылған кадрды айтып отырған шығарсыз. Бұл нәрсеге шығармашылық деп қарау керек шығар. Бұл-образ. Бұл – рөл. Актер үшін рөлдің үлкен-кішісі жоқ деген сияқты рөлдің жаманы мен жақсысы жоқ сияқты. Егер сіз актерлікке білек сыбана кіріскен және де өз ісіңіздің нағыз майталман маманы боламын десеңіз кез-келген экспериментке дайын болу керек шығар. Толықтай жалаңаш түсуге келісім бермесем ақиқат. Бірақ, белден төмен кетпейтіндей, денені жалаңаштайтын сахна болса, ол сахна өз-өзін ақтайтын болса келісуге болады. 

Нұржан ешқашан не істемейді?

Өте қиын сұрақ. «Мен ешқашан мынаны істемеймін» деп айтуға қорқамын. Алдымызда не күтіп тұрғанын, қалай күтіп тұрғанын білмегендіктен «мен мынаны істемеймін» деп ерте айқайлағым келмейді. Қандай жағдайда да ешкімге ешқандай зиянымды, кесірімді, жамандығымды тигізгім келмейді. 

stan.kz