Бір суреттің тарихы: Ату жазасына кесілген желтоқсандықтар

0
42

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін ату жазасына кесілген төртеу (солдан оңға): Ертай Көпесбаев, Түгелбай Тәшенов, Қайрат Рысқұлбеков, Қайыргелді Күзембаев сот үкімін күтіп тұр. Алматы, 16 маусым 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін ату жазасына кесілген (кейін ол үкім өзгертілді) төрт азаматтың бірі – Ертай Көпесбаевтың отбасы жоқшылықтың азабын тартуда. Қаралы 86-ның қысында Қайрат Рысқұлбековпен бірге қызыл империяға қарсы шыққан Көпесбаевтың бала-шағасы әлі күнге басқаның босағасын сағалап, үйсіз-күйсіз жүр.

Кедейлік әбден титықтатқан азамат осы жылғы ақпан айында жүрек талмасы ұстап, кенеттен көз жұмған. Артында қалған отбасы жалғыз асыраушысынан да айырылып, бүгінде мүшкіл тірлік кешуде. Ал отағасынан айырылған отбасының баспана немесе жер алам деп тұрған кезегінің жылжитын түрі жоқ. Артында қалған жары Айбаршын Көпесбаева екі баласымен далада қалып, енді кімнен көмек сұрарын білмейді.

Еске сала кетейік, Ертай Көпесбаевты ату жазасына кесу туралы үкім шыққан соң, бес жылдан кейін ақталды. Ақталғаны болмаса, өзін соттатқан кеңестік-қазақстандық өкіметтен көрген көмегі жоқ. Қарапайым автобус жүргізушісінің жеке баспана алуға да мүмкіндігі болмаған. Бала-шағасымен жиырма жыл бойы кісі есігін сағалап келіпті. Сөйте жүріп, Талғар қаласында үй кезегіне тұрған екен. Бірақ сол кезегі 14 жылда 27 орынға ғана жылжыпты.

Осыдан он бес жыл бұрын, 2000 жылдан бастап, Талғар қаласының әкімдігіне кезекке тұрғанымен, құжаттары жоғалып кетіп, 2006 жылы айғай-шумен қайтадан кезекке алынады. Ал отағасы Ертай Көпесбаев қайтыс болғанына байланысты оны үй салу үшін жер алуға тіркелген тізімінен де алып тастаған. Желтоқсаншы ерінің кезегін қудалаған Ертайдың әйелі Айбаршынның бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ оған қайырылып қарар пенде болмай тұр. Жесір әйелдің ендігі жерде үй түгілі, жердің өзін талай жыл күтуіне тура келетін сияқты. Тұрмысы күн санап тұралап бара жатқан отбасы енді дағдарыстың тауқыметіне тап болды.

Қызыл империяның қыспағына қасқая қарсы тұрғанда, рухы сынбаған азаматтың артында қалған бала-шағасы. Тәуелсіздік алған елдің билігінен гөрі, халықтан көмек сұрауға еріксіз мәжбүр болуда. Қолдау көрсетіңіздер, ағайындар!

Бір топ желтоқсандықтар:

М.ХАБИБУЛЛА, З.ТӨЛЕШОВА,

А.ИХЛАСОВА, С.ЖАНАБАЕВА, Ғ.АБУЛХАТИНА

Редакциядан: Мынау қымбатшылық қыспағында қалған халық тарапынан желтоқсаншы қаһарманның отбасына көмек жасар адам табылар-табылмасы неғайбыл. Дегенмен, биылғы жылы Талдықорған мен Қаскелең қалаларында тұл жетімдерге пәтер бөліп, иманды іс қылған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құлағына осы хатта жазылған жанайқайы жетер деген ойдамыз. Егер ату жазасына кесілген арда азаматтың артында қалған отбасына көмек жасаймын деуші ағайын болса, мына қалтафондар арқылы хабарласуға болады:

8-771-409-56-26, 8-777-245-28-65.

«Общественная позиция» (проект «DAT» №43 (314) от 10 декабря 2015 г.

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз