«Бір өзі – бір театр»: Мая Бекбаева Бишімбаев ісінің созылуын түсіндірді

0

Танымал журналист, продюсер Мая Бекбаева әйелін аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған экс министрдің ісіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистің айтуынша, экс министр әрекеті қоғамдағы ең ауыр жараны тырнағандай болған.

«Бишімбаев ісіне қатысты пікірімді айтпай қала алмаймын. Өйткені Қазақстан мұндай бір адамның театрын көрмеген шығар. Бір өзі-бір театр дерсің. Оның әрекетінің себептері де белгілі болғандай. Кешегі сот отырысын неліктен үзіп, бүгінге қалдыруды сұрады?! Ол Салтанат туралы айтқан, марқұмды қаралайтын мәліметі халықтың санасында орнығуы үшін жасады. Әрине, ол – білікті манипулятор. Одан кейін экс министр бір адамды ғана емес, бүкіл елді алдап отыр. Бүтіндей бір елге газлайт жасап отыр. Ақты қара деп, бәрін төңкеріп, терісін айналдырды. Оның бұл манипуляциясы мен өзінің ойлағаны іске асуы мүмкін. Өйткені ол біздің қоғамдағы ең ауыр жараны тырнап отыр. Бұл – әйелдерге деген менсінбеушілік және біздің қоғамның бәріне әйелдерді кінәлауы. Бірақ егер ол жазасын абайсызда өлтіру үкіміне ауыстырып, жеңіл жаза арқаласа, онда біздің әділеттілігіміздің құны жоқ», – деп ашынды журналист.

Желі қолданушылары журналистің сөзін қолдап, түрлі пікір жаудырып жатыр. Арасында нумерология саласының маманы, Бишімбаевтың туған жылы мен айы күніне қатысты зерттеу жасап жүрген Клара Күзденбаева да оқиғаға қатысты ойын жазды.

“Маған түрлі елдерден жазып жатыр. Бәрінің сұрайтыны – Бишімбаевтың ісі. Сот процесін көру мүмкін емес. Марқұмның ата-анасы мен бауырына обал. Қаншама адам сол кісілерді қолдап жатыр. Біз де қолдаймыз. Адам өлтіргенді өмір бойы бас бостандығынан айыруға болады. Кешірім беріп, жұмсақтық танытуға болмайды. Сот әділ шешім шығаратынына сенейік”, – деп жазды нумеролог.

Еске салайық, айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап беруді жалғастырып жатыр. Бұған дейін сотта экс-министр әйелі өлім аузында жатқанда не себепті көріпкелке хабарласқанын түсіндірген.

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ, зардап шегушінің қорғаушысы Жанна Уразбахова Нүкенованың өлімінің себебі жариялаған сот-медициналық сараптаманың қорытындысын оқығаны туралы жазған едік.