Бір мектептің үш бірдей қызметкері жол апатынан қаза тапты

0

Абай облысына қарасты Үржар ауданындағы Жанай орта мектебінің 3 қызметкері жол апатынан қаза тапты.

Оқиға 9 желтоқсанк күні сағат 14:45-те «Таскескен-Бақты» тасжолында болған. 29 жастағы Toyota Carina E маркалы көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы бетте келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Жол көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза тапты.

Кейін белгілі болғандай, бұл Жанай орта мектебінің психологы, алғашқы әскери дайындық мұғалімі және шаруашылық меңгерушісі болып шықты.

«Мектепте бәрі жылап жүр. Алғашқы әскери дайындық мұғалімі мектепке биыл ғана келген, үйленбеген жас жігіт еді. Обал болды. Психологтың артында 5 баласы қалды», – дейді жергілікті тұрғын.

Осы факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.