Бір күнде бір үйге түскен абысындар тату-тәтті өмірдің құпиясымен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Осыдан бір жыл бұрын ерекше той өткізіп, бір күнде үйленген екі ағайындының тойы қазақстандықтардың арасында қызу талқыға түскен еді. Stan.kz редакциясы бір үйдің шамын бір мезетте жаққан абысындармен байланысып, бақытты отбасылық өмірдің құпиясын біліп қайтты.

Ерекше үйлену тойыStan.kz редакциясы тек абысындардан ғана емес, оларға анадай болып, ақыл-кеңесімен бөліскен енелерінен, яғни Қазына Имановадан да сұхбат алуды жоспарлаған. Алайда, тағдырдың жазуымен бүгінгі күні ол кісі біздің арамызда жоқ. Марқұмның жатқан жері жайлы, ал жаны Жәннатта  болсын деген ізгі ниетпен тілшілеріміз көкейдегі сұрақтарына отағасы Ахметғани Дәуленбайұлынан жауап алды. 

Қапияда әйелінен айырылып қалған Ахметғани Дәуленбайұлы сұхбат барысында жұбайын “өте мейірімді, жақсы адам” деп сипаттаудан жалықпай, марқұмды қаншалықты жоғары бағалайтынын бірнеше мәрте ескеріп өтті. Үш баланы бағып, аяққа тұрғызған ерлі-зайыптылардың жастардың үйлену тойын бір күнде өткізуіне өзіндік себептері болған екен. 

Ерекше үйлену тойыСуретте солдан оңға қарай: Аман, Сахиба, Әбілқайыр, Диана, Қазына, Ахметғани, күйеу баласы мен қызы

“Әйелім өзімнен бір мүшел кіші. Екеуміз отыз жыл бірге тұрдық. Өзіме қамқоршы болып, қасымда жүреді ғой деп ойлап едім, керісінше болып шықты. Алланың жазғанына қарсы шыға алмайсыз ғой. 

2018 жылдың екінші қаңтарында менің туған күнім болды. Қызым мен ұлдарым үйге  сүйіктілерін әкеліп, таныстырды. Сөйтіп ақпан айында қызымды ұзаттық, артынан той болды. Тойдан кейін әйелімнің онкологиялық аурумен ауырып қалғанын білдік. Келіндерім үйге келіп жүргенде екі ұлымды бір күнде үйлендіріп, үлкен той жасау туралы ойландым.

Оның үстіне, үлкен ұлым да үйленетінін айтып жүрген. Дастархан басында отырғанда кіші келініме ойымды айттым, оның үй іші біздің үйдегі жағдайды жақсы білген. Тойды тезарада өткізу туралы шешімге жастар да, құдаларым да үлкен түсіністікпен қарады ”,— дейді әке. 

Ахметғани Дәуленбайұлы мен жұбайы Қазына Иманова алдымен Диана келіннің үйіне барып, ата-анасының рұқсатын алған. Диана ұзатылып, үйге келін болып түскеннен кейін, үлкен ұлымен кездесіп жүрген Сахибаның әке-шешесінен келісім сұраған екен. Сөйтіп шілде айының он тоғызында дүркіріретіп атап өткен. “Әкем анамның (енесі) ерлігіне таңғалды, әлі күнге дейін ондай күші бар адамды көрмегенін айтып отырады”, — дейді Сахиба. 

Ерекше үйлену тойыАхметғани Дәулетбайұлының үлкен ұлы Әбілхайыр Жетісу аудандық полиция басқармасындағы анықтау бөлімінің анықтаушысы. Болашақ жары Сақибамен бір бөлімде жұмыс істеп, әріптес болған. Ал отағасының кенжесі Аман бүгінгі күні үйдің жекеменшік кәсібіне иелік етеді. 

 Үйдің берекесі мен сәнін кіргізіп отырған екі келін Сахиба мен Диана 2 қаңтардағы танысудың арқасында қайын жұртына аз уақытта сіңісіп кетіп, мойындарына қандай жауапкершіліктің артылғанын түсінген екен. 

“Менің ойымша, алдын-ала танысып, байланыс орнатқанның еш айыбы жоқ. Сондықтан тұрмысқа шығып, шаңырақ құруды жоспарлап жүрген қыздарға, жалпы әйелдер қауымына алдын-ала қайын жұртымен танысып алуға кеңес беремін. Біз әкеміздің туған күніне келген де жиналған адамдардың қарапайым, жайдарлы екенін байқадық.

Сондықтан келін болып түскенде психологиялық қысымды басымыздан өткердік деп айта алмаймыз. Менен: “Отбасылық өмір қандай екен?” деп сұрағанда: “Күшті, керемет, ата-анам да жақсы адамдар”, — деп жауап беремін. Өйткені, шынымен де сондай. Сұрақты қойған адам үндемей күліп қоя салатын. Себебі, әдетте отбасылық өміріне шағымданатын адамдардың саны басым ғой”— дейді Сахиба. 

“Анамыз үшін үйдегі тыныштық өте маңызды еді. Ананы, мынаны істемепсің деп айтқанын естімеппіз. Қолы тисе істейді, тимесе, істемейді деп жүре беретін. Үйдің берекесі қашпасын, ауызбіршілік болсын”, — деп үнемі айтатын. Анамыз ұрыспауды, сөз таластырмауды бізге өсиеттеп кетті. Үйдің берекесін кетірмесеңдер, барлығы жақсы болады дейтін. «Қоя салшы соны» деген анамның ең жақсы көретін фразасы еді ”, — дейді Диана күліп. 

“Ұлын ұяға, қызын қияға” қондырған ана кішкентай немерелерін ойнатып,  бағып-қағуды өсіруді жоспарлаған. Алайда, уақыт тығыздығы өкінішке орай ана арманының сағымға айналып кетуіне түркті болды. Әйтсе де, Қазына Иманова дүниеден озбай тұрып, екі қызды Ару мен Құлпынайды (Қазына) бауырына басып, құмарын қандыруға тырысқан екен. Құлпынайдың мерзімінен бұрын жеті күнге ерте келгені бүкіл үй ішін, әсіресе апасын үлкен қуанышқа бөлеген екен. 

“Екінші келінім туып үлгермейді-ау деп ойлап едім. Үлгерді. Әйелім: «Немереміздің атын кім қоясың? Кел, бірге ойланайық» — деп қайта-қайта мені сұрақтың астына алды. Мен: «Ойланатын ешнәрсе жоқ. Сен қалай айтсаң, солай болады», — деп жауап беретінмін.

Бір күні үндемей отырды да: «Келіндерге айт, үйге ие болсын», — деді. Сонда іші бірнәрсені сезіп жатқанын түсіндім. Сол сәтте әйеліме екінші немерімізге оның атын беретінімді айттым. Ертең бір-біріне менің атымды апам қойған, менің атымды апамның құрметіне қойған деп айтып жүреді,»— дейді немерелердің атасы. 

Қазақтың дәстүр-салты бойынша, келіндері қайын ата-енесінің атымен атамайтын белгілі. Қазына немересіне өзінің аты берілетінін естігенде: “Балаларын ертең қалай атайды?” — деп сұраған екен. Ал күйеуі одан ешнәрсені уайымдамауын, қызды үйдегілер, туысқандар еркелетіп балама атпен атап кететінін түсіндірген. Бүгінгі күні кішкентай Қазынаны ата-анасы, туысқандары Құлпынай деп атайды. 

Сақиба мен Диана енесінің сөзін жерге тастамай, үй ішінде береке мен ауызбіршілікті ұстауды ортақ мақсаттарына айналдырған. Үй шаруасы сынды майда-шүйдеден бастап бала тәрбиесіне дейін бірігіп еңбектенетін абысындар ең алдымен асыл жарлары мен аталарының көңілін табуды көздеп отыр. Ару мен Құлпынайға серік болатын іні мен сіңлілерді де өмірге әкелу олардың жоспарында жоқ емес. 

Қазына Иманованың өмірін, салған сара жолын жұбайы, балалары, келіндері қайта жаңғыртуды қолға алмақ. “Жақсының аты өлмейді” демекші, Қазына Иманованың аты ұрпағының жадында мәңгі қалуына тілектеспіз. 

stan.kz