«Бір кем дүние»: Абай Бегейдің ұлы марқұм анасына арнаған хатын оқып, көпшілікті жылатты
Белгілі әнші Абай Бегей ұлын үйлендіріп, келін түсірді. Өміріндегі маңызды күнде Жалғас марқұм анасын еске алып, сағынышқа толы хатын оқыды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тойға жиналған қауым баланың анасына жазған жантебірентерлік хатынан кейін көз жасына ерік берді.
“Сәлем, анашым! Балаларыңыз боп сізге хат жазамыз деп шештік. Мам, балаларыңыз сіздің жылы құшағыңызды сағынды. Басымыз біріксе, өзіңізбен өткен тәтті сәттерді есімізге алып, бір жылап аламыз. Біріміз күйеуге шығып, біреуіміз үлкен өмірге қадам басқалы жатырмыз. Міне, сіздің жалғыз ұлыңыз өзіңізден аумайтын жанды әулетіңізге алып келіп, жоқтығыңызды жасырып жатыр. Анашым, сіз өте арманшыл едіңіз ғой. Кезінде армандар картаңызда ілулі тұрған үлкен зәулім үй, соңғы үлгідегі машина, тұрғын үйіміздің аппақ ремонты, қонақжайлығыңыз сонша, тіпті залда тұратын ұзын үстелге дейін арманыңыз болған. Қызық, сенесіз бе, сол армандаған нәрселеріңіздің бәрін өзіңіз көрмесеңіз де, балаларыңыз көріп жатыр. Мам, сол кезде біз үшін барлығына төзіп, барлық қырсық мінезімізді көтеріп, сабағымызды оқытып, оң тәрбие беріп, әрине, шүкір, бірақ ештеңеміз болмаған қиын сәтте өмір сүрдіңіз және соның жемісін көре алмай жастай кеттіңіз… Кейде еске алып, бір жылап аламыз. Мам, сіз көпшіл едіңіз. Бізбен қатар үйде 12 қайныңыз болды. Бәріне ақыл айтып, жол сілтеп отыратынсыз. Кезінде солардың бәрін тізіп, тақтаға бор лақтырып, айқайлап, мұғалім болып ойнайтын Ерке қызыңыз қазір үш баланың анасы. Үйдің бүкіл орамалын белге байлап, көйлек жасап алып, таң атқаннан Жанар Дұғалованың әнін айқайлап айтып, құлағыңызды ашытатын Сымбат қызыңыз қазір әнші. Сіз кеткенде 4 жаста болған ең кенже бөпең қазір 8-сыныптың үздік оқушысы”, – деп қарындастарының тәтті шағын еске алды Абай Бегейдің ұлы.
Жалғас хатында анасының орнына ана болған Фаризаны да атап өтті.
“Сіздің жоқтығыңыздың үйренісу үшін әкем көп қиналып, қатты тырысып, аяғымызға тік тұруымыз үшін күн-түн демей еңбектенді. Аллаға шүкір, әкеміздің де жағдайы жақсы. Сіз кеткен соң сізді жоқтатпай, орныңызға аналық мейірім көрсетіп жүрген Фариза апам келді. Бізбен сырлас дос, кез келген уақытта қолдап, “балам” деп жылуын шашып жүр. Мама, қазір жанымызда болғанда бар жақсыны беріп, өзіңізді бақытты сезіну үшін алақанымызда аялаушы едік. Құрбыларыңыздың жанында құлпыртып жүргізіп, қалаған затыңызды еңбектеніп, қалай да алып беріп, сізді қуанту үшін барлығын жасаушы едік. Әттең, Алла бұл жалған өмірде сіздің аппақ жүрегіңізді ластағысы келмеген шығар. Балаларыңыз сіз үшін дұғада. Жаныңыз жәннатта болсын, балаларыңыздан», – деп жазған Жалғас.
Сағыныш сезіміне толы, әсерлі сөздер желі қолданушыларын да бей жай қалдырмады.
“Жыламай көру мүмкін емес”, “Қандай керемет,жан тебірентерлік хат! Ананың орны әрқашанда бөлек”, “Абай аға да сағынып еске алып, егіліп жылап алды-ау”, “Бір кем дүние-ай”, “Осындай қуанышты күнде орны ойсырап білініп тұрады”, – деп пікір қалдырды желідегілер.