Бір ғана видео бүкіл өмірімді тас-талқан етті

0

Сирия. Қазір бүкіл әлемге танымал ел. Жақсы жағынан емес, әрине. Өкініштісі, аталмыш елге жиһад іздеп барған қазақстандық азаматтардың саны әлі де  азаяр емес. Жихад сөзінің мағынасын жат ағымдағылар Алланың жолындағы күрес деп есептейді. Олар бұл сөздің маңызды әрі түпкі мағынасын ұмытқан. Жиһад сөзі араб тілінен аударғандағы мағыналық нұсқалардың бірі – өз нәпсіңмен күресу. Ал шаһид (дін жолында өзін құрбандыққа шалған, азап шегіп өлген адам) атанып, бірден пейішке баруды аңсайтындардың көбісі жердегі тозақты өз көзімен көргеннен кейін тәубелеріне келіп, өкініп жатады. Олардың қатарында Дамир Рақымжан (аты-жөні кейіпкердің сұрауы бойынша өзгертілген) да бар.

Дамир терроризм енді өркен жая бастаған кезде Сирияға аттанған. 2012 жылы шыққан бір ғана видео оның өмірін түбегейлі өзгертті. Қазір ол Алматы облысы Қапшағай қаласының маңайындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеуде. Qamshy.kz ақпарат агенттігі Сириядағы жағдайды өз көзімен көрген қазақстандық азаматпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады.

–Жат ағымның жетегіне ергенге дейінгі Дамир қандай еді?

–Мен қарапайым, толыққанды отбасында дүниеге келдім. Отбасында екі ұл болдық. Орта мектепті аяқтаған соң, Алматыдағы колледждердің бірінде оқуымды жалғастырдым. Кейін беделді ЖОО-ға инженер мамандығы бойынша оқуға түсіп, студент атандым.

2006 жылға дейін, яғни 22 жасқа дейін темекі шектім, ішімдікке әуес болдым. Сол кездегі көптеген жігіттер секілді барлық қызықтың дәмін татып көргім келді. Қыдырдым, көңіл көтердім. Уақыт өте келе өз-өзімді басқара алмайтын күйге жеттім. Есірткі шегуді әдетке айналдырдым. Яғни, жақсы жігіт болдым деп айта алмаймын.

Кейін аудан маңындағы  бұрындары қыдырымпаз, жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүруге құмар таныстарымның ислам дініне қызығушылығы артып, намазға жығылып жүргенін байқадым. Сол кезге дейін бір Құдыретті күштің барын білсем де, дін, сенім туралы ойланбайтынмын. Менің діни сауатым мүлдем болмады. Ислам діні туралы мүлдем білмейтінмін. Намаз, ораза секілді парыз амалдан хабарсыз едім.  Сол себептен де болар, менің бірден қызығушылығым артты.  Алғашында жұма намазына барып жүрдім. Кейін мешітке баруды жиілеттім. Үш айдан кейін бес уақыт намазға жығылып, алғаш рет ораза айының сауабын алуға амал еттім. Өмірімде алғаш рет имамның артында тұрып тарауық намазының құдіретіне құнықтым.

–Не армандадыңыз, қандай мақсатыңыз болды?

–Ауыз толтырып айтатындай ерекше арман, мақсатым болды деп айта алмаймын. Мен де қарапайым адамдар секілді табысты азамат болуды, жоғары жалақы алып, өз үйімде тұруды армандадым. Кез келген жігіт секілді мен де әдемі, сүйкімді жарымның болғанын қаладым. Үбірлі-шүбірлі болып, бала-шағамның жанында ойнап-күліп жүруді аңсадым. Мен өз қызметімді де абыройлы атқардым. Қызметімді көтеруді мақсат еттім. Инженер мамандығы ұнай бастағандықтан, оқуымды ары қарай жалғастырып, өз-өзімді дамытқым келді.

–Дінге бет бұра бастаған кезде кімнің уағызын тыңдадыңыз?

–Мен аса көп уағыз тыңдамайтынмын. Көбінесе жеке дара қалыпты өмір сүрдім. Біреудің айтқанына ілесуді, айтқанымен жүріп-тұруды аса ұнатпаймын.

2008 жылдары Ринат Әбу Мухаммад атты уағызшы пайда болып, уағыз айта бастады. Мұның кім екені қызықтыра бастады. Ол ауызашар кезінде, сосын мешітте өзінің уағызын айтатын. Кейін оның кім екенін, қайда білім алғанын сұрастыра бастадым. Оның Мысырда оқып келгенін білгеннен кейін мен де билет алып, Мысырға жол тарттым. Онда 3 ай тұрдым. Мысырлықтардың тілін үйреніп, мәдениетімен таныстым. Мысырға барған кезде қалай білім беретінін көрдім, білдім. Әл-Азхар университетін де көрдім. Ринат сол университетте білім алған екен. Университетке барып Ринат Әбу Мұхаммад туралы сұрастырып білдім. Өзіме қажет ақпараттарды білгеннен кейін елге оралдым. Алматыға келген соң Ринаттың уағызын тыңдаудан бас тарттым. Себебі, бұл уағызшы туралы пікірлер маған аса ұнай қоймады. Оның сенімінде бірқатар өзгешеліктер мен мәселелер бар екенін түсіндім. Оның уағызы үнемі фитнаның туындауына себеп болатын. Содан бері Ринаттың уағызын тыңдауды қойдым.

–Қашан үйлендіңіз, бала-шағаңыз бар ма?

–Иә бала-шағам бар. 2008 жылы бірінші рет үйлендім. Алғашқы әйелім намаз оқымады. Екеуміз бір аулада кішкентайымыздан бірге өстік. 2009 жылы қызым дүниеге келді. Сол кездері «Қазпоштадағы» қызметімді енді бастаған едім. Қалыпты өмір сүрдік. Араға біраз уақыт салып ата-анам мен әйелімнің арасында түсініспеушіліктер орын ала бастады. Сол себептен ажырасуға тура келді. Бір жыл бойы жалғыз өмір сүрдім. Бір күні ауданда тұратын інім Мысырға білім алуға баратынын айтты. Менің бір жағынан қалыпты өмірден жалығып кеткендіктен, екіншіден, әйелім де жоқ, бойдақ болғандықтан Мысырға бардым. Онда бір ай тұрдым. Ескі достарымды көріп, Мысырды аралап, қалай білім беретінін көріп, 1 айдан соң үйге оралдым. Қазақстанға келген бойда екінші рет үйлі-баранды болдым. Екінші әйелім намаз оқитын, орамал тағатын еді. Қазір екі қыздың әкесімін.

–Сирияға баруыңызға не түрткі болды?

–Қалыпты өмір сүріп жатқан кезде анам мен әйелімнің арасында тағы да  кикілжің орын ала бастады. Сосын «тағы да ажырасу керек болды» деп бас қатырып жүргенде әйелім ұсыныс айтты. Әйелім «менің таныстарым бар, Швецияға барып тұрайық. Жұмыс бар, ойдағыдай өмір сүруге болады. Жақсы табыс та табуға болады»,– деді.  Швеция да мәселе болып па? Мен келістім. Бізді әйелімнің таныстары күтіп алды. Жұмысқа тұрдым. Швецияда 2 сағат жұмыс істеп 100 доллар табыс табуға болады. Ол жақта пәтер жалдап тұрдық. Көлігім де бар еді. Бірде мешітке барған кезде біреулердің орысша сөйлесіп отырғанын көрдім. Қарасам, шешендер екен. Танысып, әңгімелесе бастадық. Қазақстаннан екенімді айттым. Олар «кімнің уағызын тыңдайсың?» деп сұрақ қойды. Бұрын Рустам әбу Мухаммедтің уағызын тыңдағанымды айттым. Олар маған «мұның дұрыс емес»,– деді.

Швецияда радикалды сайттардың барлығы ашық жұмыс істеп тұр. Әлгі жігіттер маған радикалды сайттардағы уағыздар мен лекцияларды көрсете бастады. Бірде Сирия туралы уағыздарға көзім түсіп кетті. Ол кезде Сирияда не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз едім. Тіпті түсінбейтінмін. Абдулла есімді шешен жігіт маған Сириядағы жағдайды асықпай түсіндіріп, видео көрсетті. Әлгі видеоны көру тіпті қиын еді. Өте ауыр видео болатын. Анасы баласын жерлеп жатыр, біреуді тірідей көміп жатыр. Жантүршігерлік видеоларды көріп, «мұның бәрі не үшін керек?» деп ойладым. Ал әлгі шешен жігіт «олар мұсылман болғандықтан осындай азап көріп жатыр» деп жауап берді. Мен бір түрлі, түсініксіз сезімде болдым. «Біз қалыпты өмір сүріп жатырмыз, ал олар болса қиналып жатыр» деген ой келді. Өзімді іштей кінәлі сезіндім. Содан әлгі шешен жігіт «сен осылардың қиналып жатқаны үшін жауап бересің» деп мені одан сайын қыспаққа алды. Маған Құран мен хадистен мысал келтірді. Мен 3 ай бойы ойланып жүрдім. Ұзақ уақыттан кейін әлгі шешен жігіттен «мен не істеуім керек?» деп сұрадым. Ал ол болса, бірден «Сирияға барып, сол мұсылмандарды қорғауың керек. Қиналып жатқан мұсылмандарды қорғағаннан кейін Құдайдың алдында жауап беруден құтыласың, ал егер сол жақта көз жұмсаң, шаһид боласың. Ал егер тірі қалсаң, мұсылмандардың жеңісін көресің», — деп жауап берді. Мен үйге барып әйеліммен сөйлестім. Оған «сен осында қал, мен Сирияға барып келемін» дедім. Әйелім «күйеуіңнің қасынан қалма, қолдау білдір» деген тәрбиемен өскен. Маған «мен де сенен қалмаймын» деп жауап берді. Келісімге келіп, құжаттар мен киімдерімізді жинастыра бастадық. Сирияға барар алдында қызым дүниеге келді. 2013 жылдың қаңтарында  Сирияға баруға шешім қабылдадық.

–Сирияға қалай, қай ел арқылы бардыңыз?

–Құжаттарды дайындап болған соң, бірден жолға шықтық. Бірақ маусым айында, яғни 6 айдан кейін ғана Сирияға кіруге мүмкіндік болды. Себебі, құжаттарды жинауға қатысты, біресе жол жүруге байланысты мәселелер болды. Біз Түркия арқылы Сирияға өттік. Сирияда бейтаныс адамдар күтіп алды. Мен үшін барлығы қызық болды. Шекараны кесіп өту қиынға соқпады. Тез өтіп кеттік. Түркия мен Сирия шекарасында  ешқандай шектеу жоқ.

–Ал Сирияда сіздерді кім, қалай қарсы алды?

–«Бізді моджахедттер келді» деп сақалды, қолында қаруы бар бірнеше адам қарсы алды. Сирияға барған кезде әйелімнің аяғы ауыр болатын. Әйелім және қызыммен Алеппо қаласының жанында орналасқан ауданның бірінде бірге тұрдық.

–Сириядағы алғашқы күндеріңіз туралы баяндап берсеңіз…

–Алғашында бәрі жақсы, бір -бірімен тату-тәтті, ынтымақта өмір сүретін нағыз мұсылман бауырлар болып көрінетін. Жаңадан адамдар келе бастады. Уақыт өте келе бізге кімнің қайда баратынын айтып, шешім шығара бастады. ТМД мемлекеттерінің бөлек, өз жамағаты болды. Қазақстан, Кавказ аймағы, Ресей мемлекеттерінен келгендер сол жамағаттың қатарында болды. Кейін бізге  қалай қару қолдану керектігін үйретті. Мені «Түркестан исламдық партиясы» атты басқа жамағаттың қатарына шақырды. Бұл жамағатта қазақтар мен  ұйғырлар болды. Басым көпшілігі – ұйғырлар. Жерлестерім де көп болып, мені бірге тұруға шақырды. Әйелім мен қызымды алып,  қоныс аудардық. Біз алғашында қираған мектептің кабинетінде тұрдық. Мүлдем жағдай жасалмады. Тіпті судың өзін құдықтан таситынбыз болдық.

Біз тұратын маңда қазақстандықтар да болды. Сол адамдармен араластық. Рамазан айында жерлестеріміз бізді ауызашарға шақырды. Дастарханда ұлттық тағамдардың барлығы болды. Үйдің тамағын сағынып қалыппыз. Абыр-сабыр болып отырғанымызды бір жігіт видеоға түсірді. Видео Қазақстанда сол жылдары көрсетілді. Біраз хит болдық қой (күлді). Бірақ видеоны түсіріп жатқандар бізді алдап соқты. Себебі, «қазір видео түсіреміз, бірақ 2 жылдан кейін ғана ғаламтордан көруге болады. Бірден ғаламторға жүктемейміз» деп айтқан. Алайда біраз уақыттан кейін видеоның ғаламторға жарияланғанын білдім. Оқу- жаттығу жиынынан келген соң бір таныс жігіт «Бізді бүкіл әлем,  Қазақстан көріп жатыр. Жаңалықтарға шығыпты» деп көрсетті. Не айтарымды, не ойларымды білмедім.

–Сіз өзге ағымға еріп, адасқаныңызды қай кезде түсіне бастадыңыз?

–ИГИЛ-дің енді пайда болып жатқан кезі еді. ИГИЛ пайда болғаннан кейін сириялықтар мен олардың арасында түсініксіз кикілжің орын алды. Бұл жағдай атыс -шабысқа ұласты. Дау көбейді. Қауіп-қатер күшейе бастады. Алғашында барлығы бір-біріне қамқорлықпен қарайтындай көрінген. ИГИЛ пайда болғаннан бастап, жағдай қиындады. Сирияда қазақтарды аса қатты ұната бермейді. Себебі, ИГИЛ-дің қатарына алғаш кіргендердің бірі де – қазақ.

Сосын бұл ұйымға мені де шақыра бастады. Ал мен ИГИЛ-ге қарсы жамағаттардың бірінде болғанмын. Сол себепті екі тараптың арасында қақтығыстар, атыс-шабыстар жиі орын алды. Әйеліммен сөйлесіп отырып мен түптің түбінде ИГИЛ-ге қарсы соғысатынымды айттым. Мақсатым да басқа еді. Мен Сирияға зардап шегіп, қиналып жатқан мұсылмандарға көмектесу үшін келген едім. Ал сириялық жергілікті тұрғындар «сендердің бізге керектерің жоқ» деп өзімізді жақтырмады. Бұл өте қиын сәттер еді.

Сіз араға біраз уақыт салып, Сириядағы соғыстың астарында бөлек саяси астар жатқанын түсіндіңіз. Бірден елге қайтуға шешім қабылдадыңыз ба, әлде елге оралуыңызға нақты бір жағдай түрткі болды ма? 

–Мен өзімнің әйелім мен қыздарым үшін қатты алаңдайтынмын. Бірде мен екі жігітпен сөйлестім. Бірінің ұлты –қазақ, екіншісі – өзбек. Өзбек жігіт менің әйелім туралы білгісі келіп, сұрақ қоя бастады. Оған шамданып, «Оның саған не керегі бар?» деп жауап бердім. Ол «Ертең өліп кетсең,  сенің әйеліңе үйленемін»,– дейді. «Қазір тірімін, ал әйелім туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ»,– дедім. Кейін ұзақ ойландым. Оның айтқандары ойымнан шықпай қойды. Сөзі қатты әсер етті. Сосын әлгі өзбек жігіті «Неге сен сонша ашуланып отырсың? Сен өлген кезде әйеліңнің ешқандай құқығы болмайды. Оның бұл жерде ешқандай туысқаны, қорғаушысы жоқ. Өз-өзін асырай да алмайды. Азық-түлік алуға дүкенге де шыға алмайды. Оның танымайтын адамға тұрмысқа шығудан басқа амалы жоқ. Кімге екенін де таңдай алмайды» деді. Бұл әңгімеден кейін,«сенің танымайтын біреулерге тұрмысқа шығуға қақың жоқ. Сол үшін мұнда келген жоқпын. Киімдерді жинастыр. Елге ораламыз» деп жедел шешім қабылдадым.

–Қазақстанға қалай, кім арқылы келдіңіз? Қандай кедергілер кездесті?

–Бізге ешқандай кедергі болған жоқ. Сирияға өту үшін 100 доллар ғана төледік. Ал Сириядан Түркияның шекарасына өту үшін 5000 доллар қажет болды. Мұндай ақша сол кезде жоқ болды. Сосын ата-анамнан ақша жіберуді сұрадым. Алайда өзімнің әке-шешемде мұндай ақша болмағандықтан әйелімнің ата-анасынан қарызға сұрауға тура келді. Олар ақшаны жіберді. Мен оларға әлі күнге дейін ақшаны қайтара алмай отырмын.

Әйелімнің аяғы ауыр, біз тордың арасынан әупірімдеп шекарадан өттік. Бұл сәтті ешқашан ұмыта алмаймын. Барлығы әлі көз алдымда. ИГИЛ ұйымы пайда болысымен, олар шекараны қатаң қадағалауға алды. Сол жылдары Сирияға кіру өте оңай, бірақ шығу қиын болатын.

Біз Сириядан өткеннен кейін Түркияда біраз уақыт аялдадық. Себебі, бірден елге келу мүмкін болмады. Сол жерде көрші тұратын адамдардың көбісі Сирияға кетіп бара жатыр екен. Бәрінің көңіл күйі көтеріңкі. Оларға ештеңе айтпадым да, түсіндіргім де келмеді. Себебі, «артық әңгіме айтып, қимыл жасасаң, біттім дей бер». Ақиқаты, мені тыңдамайтын да, құлақ аспайтын да еді. Себебі, милары уланған. Оларды райынан қайтару мүмкін емес те еді. «Тек сол жаққа барған соң, өздері түсінер» дедім.

Кейін Швецияға билет алдық. Үйдегі ата-анама хабарластым. Өзімнің Швецияда емес, Сирияға болғанымды айтып, түсіндірдім. Олар таңғалды. Үйге оралатынымды айтқан кезде, қатты қуанды. Билет алып, үйге оралмақ болдық. Алайда жол өте ауыр болды. бір аптадай уақытымыз кетті. Вокзалда, әуежайда түнеген кездерімізді еске алудың өзі ауыр. Қолымызда ештеңе қалмады…  Ақыры, Қазақстанға келдік. Вокзалда ешкім бізді тұтқындаған жоқ. «Мен туралы ешкім ештеңе білмейді» деп ойладым. Іштей «барлығы бұрынғысынша болады, ештеңе мойындамаймын» дейтінмін. Бір аптадай ешкім білмейтініне сенімді болдым. Әйелімнің үйінде тұрдым. Бір күні таңертең қызметкерлері келіп, ұстады. Қылмыстық іс қозғады. Қарсылық танытпадым. Қазақстанға белгілі болған видеодағы адамның өзім екенін мойындадым.

–Сириядағы ең қорқынышты күніңіз? Неден шошындыңыз?

–Бірде таңертең әйелім азық-түлік алып келуімді сұрады. Ал азық-түлік дүкені 60 шақырым жерде орналасқан. Жолда таныс татар жігітін көріп қалдым. Әйелі сириялық екенін білетінмін. Олар да біз секілді мұсылмандарды қорғап, соғысуға келген. Ол өзінің мотоциклімен мені дүкенге апарып тастайтынын айтты. Келісе кеттім. Сөйтіп қалаға барып, қажетті азық-түлік сатып алдық. Қолымда қару  болды. Суық қару үнемі қолыңда болу керек. Өз қауіпсіздігің үшін.  Қару -жарақсыз үйден аттап шығуға болмайды.

Бірде үйге жақын қақпаның алдына 60-70 сириялық жиналып қалғанын көрдім. Қолдарында неше түрлі қару-жарақ бар. Біз тоқтадық. Бір кезде сириялық әйел мені нұсқап, айғайлай жөнелді. Арабша түсінбедім. Бірнеше сириялықтар автоматтарымен мені көздеп атуға дайын тұрды. Сол сәттегі үрейді айтып жеткізе алмаймын. Атып тастайды деп ойладым.«Біттім»,– дедім іштей. Бар өмірім көз алдыма келді. Олар жай ғана себепсіз  шүріппені баса салады. Арабтардың әдеті сондай. Әлгі сириялықтарға менен не керектігін түсінбей дал болдым. Кейіннен. әлгі моджахедтің сириялық әйелге күш көрсетіп, бетінен шапалақпен тартып жібергені белгілі болды.  Ол – қазақ, түрі маған ұқсас болып шықты. Оларға әрең дегенде өзімнің кінәсіздігімді түсіндірдім. Мен шын мәнісінде қорықтым. Себебі бұл – соғыс.

Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, дастархан басында отбасыңмен шай ішіп отырғанда, сенің жаныңдағы ғимараттың бірі жарылады. Өте қорқынышты. Жарықты күніне 3 сағат қана  береді. Түнде сөндірулі тұрады. Жарықты қосу қауіпті. Себебі ұшақтан бомба тастай салса, біттің, отбасыңмен бірге қырылып қаласың. Сирияда жүріп, ешқандай қызықты, көңілді дүние көрмедім. Онда ешкім де өз әйелін алып бармаған. Тек мен ғана. Ақымақ болғанымды түсіне бастадым.

–Сириядағы таңнан кешке дейінгі бір күндік өміріңізді сипаттап беріңізші?

–Таңертең тұра сала жарықтың жанғанын күтесің. Жарық жанған бойда телефонды қуаттап аламыз. Үйде тоңазытқыш деген атымен жоқ. Жақын маңдағы дүкенге барып, азық-түлік сатып алып үйге қайтамыз. Әйелім тамақ пісіреді. Төменгі қабатта арнайы орталық бар. Сол орталыққа барып не болып жатқанын, кімнің қайда барып, не істеу керектігін тыңдаймыз. Жалпы айтқанда, соғысқа қатысты ақпараттарды біліп, естіп отырамыз. Түске дейін сол орталықта болып, намаз оқығаннан кейін, үйге қайтамыз. Қалған уақытты әйелімнің, қызымның қасында өткіземін. Ол жерде айтарлықтай жұмыс жоқ. Ештеңе істемедік. Үйде отырған кезде уағыз тыңдаймыз. Уағызшы үнемі «осында келгендерің дұрыс болды. Сендер – абыройлысыңдар. Алла көптеген мұсылмандардың арасынан сендерді таңдап алған» деп жиі айтатын. Уағызшылар «бұл жерде тездетіп өліп кетсеңдер, жұмаққа барасыңдар» деп сендіретін. Менің өліп, шаһид болуға ниетім болмады. Әйелім екеуміз Швециядағы өмірімізді жиі еске алдық. Сирияда суды үнемдеп қолданатын болдық. Себебі, су ішу үшін де ақша керек. Ата-анама байланыс болған кезде ғана хабарласып, өзіміздің Швецияда екенімізді айтып, «бізде бәрі жақсы. уайымдамаңыздар» деп хабарлама жазып жіберетінмін.

–Түрмеден кейінгі өміріңізді қалай елестетесіз?

–Түрмеден шыққан соң біраз шаруа күтіп тұр. Үй, көлік алу керек. Барлығын басынан бастау қажет. Жұмысқа орналасып, бәрін басынан бастау керек. Екі қыздың әкесімін. Қызымның үлкені мектеп жасына келді. Әйелім өз ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Барлық тұрмыстық мәселені де шешемін. Жалпы айтқанда, уақытым аз, жұмыс көп болайын деп тұр.

–Болған оқиғаға кімді кінәлайсыз?

Өзімнен басқа ешкімді кінәлай алмаймын. Бірақ алғашында кінәліні басқа жерден іздеуге тырыстым. Бастапқыда бәріне Швециядағы шешенді кінәлағым келді. Неліктен Сирияға барғым келді? Маған ондағы жағдай қызық болды. Өзімді мұсылмандарды құтқарушы қаһарман ретінде  елестеттім. «Оны бүкіл ел білетін болады» деп ойладым. Олай емес екен. Ал шын мәнісінде барлығы басқаша. Видеода барлығы көңілді  жүреді. Швецияда жүргенде осындай видеоларды көріп, қызықтым. Бір қызығы, маған Сирия туралы айтқан шешен жігіт ешуақытта ол жаққа бармаған болып шықты..

–Жат ағымның өкілдері адамдарды қалай қақпанға түсіреді?

Көпшілігі ғаламтордағы видеоларды көріп алданады. Адамдар Сирия туралы айтқан кезде онда бәрі керемет болып көрінеді. Көптеген ұлт өкілдері бір дастарханда отырып, өздерінің бірлігін көрсеткендей болады. «Біз барлығымыз мұсылман бауырлармыз. Келіңдер, бізге жәрдемдесіңдер» дейді. Ал сол жаққа барған кезде сені олар керек те қылмайды. Егер жалғыз өзің ешқандай таныссыз келген болсаң, кімге керексің? Ешкім Сирияда иманды жүрекке, шаһид болуға келген шынайы ниетіңе қарамайды, мән бермейді де. Ол жаққа алғаш келгендердің жүздері жарқын, көңілді жүреді. Ал жарты жылдан кейін олар адам танымастай өзгереді. Себебі, әркім өз қара басының, отбасының қамын ойлай бастайды. Жақсы ақша табуды көздейтіндер де кездеседі. Тіпті сириядағылардың сенімдері де әртүрлі. «Бәріміз бір исламды ұстанамыз, бір Аллаға табынамыз» деп айтамыз, алайда сенім мәселесінде қайшылықтар көп.

Бірде қасымдағы кей жігіттердің мені мұсылман деп санамайтынын білдім. Олар кәпірден де төмен санайтынын байқап қалдым. Сосын «осы адамдар үшін мен соғысқа аттанамын ба?» деп ойландым. Мені расында мұсылман бауыры ретінді есептемеді, мұны олардың көзқарасынан- ақ анық байқадым. Қақтығыс кезінде бір жамағатпыз деп жүргендер бір- біріне оқ атып жатқанын көрдім. Тіпті олар Сирияға не үшін, кім үшін келгенін де, кімнің қатарында екенін де ұмытып қалған. Олардың барлығы бір Аллаға табынады, сенеді. Алайда бір ғана айырмашылық бар. Екі тараптың ұстаған жалауы, сенімі, көзқарасы әртүрлі. Сол үшін олар бір бірін өлтіріп жатыр. Мен дәл мұндай жиһадты түсінбеймін. Санама да сыймайды.  Сирияда 6 ай өмір сүрдім.

–Қазақстанға келген кезде жағдайыңыз қандай болды? Қандай ойда болдыңыз?

Еліме келіп, бір нәрсені түсіндім. Сирияда жүріп соғыссақ та, бізді бақылауға алатынын түсіндім. Екіншіден мені толық тыңдады. Өзімнің қандай видеолар арқылы Сирияға қызығушылығымның артқанын сұрады. Маған «Сирияға бар» деп уағыз айтқан шейхтің жарты жылдан соң ол жаққа барудың қажеті жоқ екенін видеодан көрсетті. Неге? Себебі саясат өзгерді. Кезінде Сирияда соғысқа бару керек болды, бізді шақырды. Ал қазір соғысудың қажеті жоқ, Сондықтан уағызшылар пікірін өзгертіп жатты. Кейін маған теологтар ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін түсіндірді. Басты қателік менің діни білімімнің жоқтығында болып тұр. Анығы, ғаламтордағы бақылаусыз жарияланып жатқан уағыздарды тыңдасаң қақпанға түсесің. Тағы бір айта кетерлігі, Сирияға соғысуға шақыратындардың барлығы дерлік эмоционалды, ауыр видеоларды көрсетеді. Көпшілігі сосын Сирияға қалай барғанын білмей, тіпті түсінбей де қалады. Сосын әлгі қиналып жатқан мұсылмандардың жауапкершілігін саған артып, өзіңді кінәлі етіп те қояды.. Барлығын сезімге беріліп іске асырасың. Сирияға бара жатқанда ештеңені де ойламайсың. Барлығы оп-оңай көрінеді. Түсініп, елге оралғаннан кейін ғана барып өкінесің. Түрмеде жаза мерзімін өтеп отырған кезде өзіңнің отбасыңа қаншалықты ауыр екенін, қиналып жүргенін түсінесің. Бір ғана қателік. Бір ғана жантүршігерлік видео…

Мен шекараны кесіп өттім. Екі өмірдің арасы бар- жоғы бес-ақ қадам, бітті, сен Сириядасың. Сосын қателігің жаныңа  батады. Сирияға кетіп бара жатқан кезде ата-анамды мүлдем ойламадым.  Ал қазір әке-шешем, әйелім мені ойлап қиналып, күтіп отыр. Ата -анам келіп, кездесіп, тамағымды, киім кешегімді әкеп тұрады. Олар сырт айналмады. Ал мен болсам, Сирияға барар кезде барлығына қолымды бір –ақ сілтедім. Шекарадан ары астым. Ал қазір отбасымның алдында ұяттымын. Олар мені тағатсыздана күтіп жүр.  Осы жаныма батады. Мен Сирияға барар сәтте тіпті балаларымды, әйелімді ойламадым. Ол жақта көп  әйелдер бар. Күйеуі қайтыс болып, бірнеше еркектен бала тапқан әйелдердің саны өте көп. Олар өз еліне орала алмай жатыр. Олардың ешкімі жоқ. Тіпті «көмектесіңдер» деп те айта алмайды. Себебі, оларды ешкім түсінбейді де, тыңдамайды да.

–«Екі қызым бар» дедіңіз. Болашақта балаларыңыздың діни білімін қадағалайсыз ба?

Кез келген адамның сауатты діни білім алу керек. Егер діни білімді бастапқыда үйренбесе, соңында басқа бір ағымға өтіп кетеді. Қазір түсіндім. Осында теологтар бар. Олар мен тыңдаған уағыздың дұрыс-бұрыстығын, қай жерде қателік жібергенімді түсіндіріп, қолыма кітапты ұстатты. Бәрін түсіндірді. Маған Сирияға кетпес бұрын діни басқарма бекіткен діни кітаптарды оқуым керектігін түсіндірді. Барлық мәселе міне осында болып тұр. Менің діни білімім өз балаларыма барлығын түсіндіру үшін де қажет. Олар мен жасаған қателікті қайталағанын қаламаймын…

***

Бізге Қапшағай қаласының маңайындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Дамир Рақымжанмен тілдесу оңайға соққан жоқ. Арнайы орындардан рұқсат алу үшін бірнеше ай өтті. Кейіпкерімді тезірек көргім келді.

Дамирмен кездесу алдында бірнеше террористердің сұхбаттарын көріп іштей дайындалғанмын. «Дамир қандай жігіт, ашық па, тұйық жігіт пе» деп ойладым. Түрмеге барған кезде есік алдында күтіп тұрған бір топ адамды көрдім. Олар түрмеде жазасын өтеп жатқан ұлының, інісінің немесе күйеуінің қамын күйттеп жүргендер. Қартаң ана да, қалжыраған әйел де, ойға батқан аға да бар. Қолдарында бір-бір сөмке, іші толы киім-кешек, керек-жарақ. Ең қиналып жүргендердің бірі осылар екен ғой дедім іштей. Кейін  түрмеге кірдім. Қарапайым жер… Көңіліме қорқыныш ұялата қоймады. Алайда талай адамның бас бостандығын шектеп отырған жер екенін білгенде іштей түсініксіз сезімде болдым. Тарсылдаған темір есіктер ғана денемді түршіктірді.

Ал Дамирді алғаш көрген кезде қолына қару алып Сирияға аттанған жігітке ұқсатпадым. Ашық-жарқын жігіт. Ішіндегісін бүкпесіз, боямасыз баяндап берді. Өзгерген, әлі күнге дейін өкінеді. Ата-анасынан бауырларынан сырт айналғаны үшін өкінеді. Олардан әлі күнге дейін қатты ұялады. Отбасы туралы айтқан кездегі көз жанарындағы мұңды өкінішті ұмыта алмаспын. Өмірді қайтадан бастағысы келгені көрініп тұрды. Сұхбат ұзаққа созылды. Зонадан шығып бара жатып,  бір сәт жаза басып, жазасын өтеп жатқан жігіттің бұралаң тағдыры қайтадан көз алдыма келді.

Кез-келген адамның қателесуге хақысы бар. Себебі бәріміз пендеміз. Тек тәубесіне келіп, өкінгендерді қоғам табаламаса екен деймін. Ислам діні ықылым заманнан бейбітшілікті көздеген. Соғыс пен исламды қатар қоюдың, кінәні діннен іздеудің қажеті жоқ. Кінәлі — адам ғана.

…Адамдар адаспаса екен!

Әсел Болатқызы

«Қамшы» сілтейді