Бір елде «оянғандар» екі түрлі Қазақстанды көрді
«Ел астанасының атын халықтан сұрамай, бір-ақ күнде өзгерте салатын елде ояндым. Сөз бостандығы жоқ елде ояндым. Интернетті бұғаттайтын елде ояндым. Бейбіт митинг өткізуге тыйым салатын елде ояндым» дейді #менояндым видеоролигіне түскен актер Әнуар Нұрпейісов, белсенділер Әсия Төлесова, Сүйінбике Сүлейменова және Темучин Дүйсенов.
Бірер сағаттан соң бұл видеоға жауап ретінде екінші топтың видеосы жарияланды. Олар «Жарылыстардың дауысы емес, құстардың үні сайрайтын елде ояндым. Әр адам тегін білім алатын елде ояндым. «Болашақпен» шетелде оқуға жіберетін елде ояндым» дейді.
Екі видео да желіде қызу талқыланды. Интернет қолданушылардың кейбірі бірінші видеодағы жастарды қазақша сөйлемеді деп сынады. Ал тағы бір адамдар екінші видеоға түскендерді «елдегі жағдайдан хабарсыз» деп айыптады.
«ОЙЫН АШЫҚ АЙТҚЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР КӨП»
Бірінші видеоға түскен актер Әнуар Нұрпейісов Азаттыққа акция ұйымдастыру идеясы қалай пайда болғанын айтып берді. Оның айтуынша, белсенді жастар ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың 20 ғасырдың басында жазған «Оян, қазақ» өлеңіне үн қосқан.
— Алашорда өкілі Міржақып Дулатов өлеңінде қазақтарды оянуға шақырды. 80 жыл өткен соң біз оның сөзіне құлақ астық. Әлеуметтік желіде #менояндым хэштегі өте кең таралды. Instagram парақшамда біз түсірген видео 160 мыңнан астам лайк жинады, — дейді ол.
Әнуар Нұрпейісов видеоның жалғасын түсірмек. Оның сөзінше, бірінші видеодан кейін «ойын ашық айтқысы келетін, билікке сұрақ қойғысы келетіндер көбейген». Нұрпейісов екінші видеоны көрген. Ол бұл биліктің жауабы деп ойлайды.
— Олар жауап беруге тырысып жатыр. Осылайша, бұл акцияны өз жақтарына бұрғысы келеді. Бұл олардың диалог жүргізе алмайтынын көрсетті. Видеода айтылғандар өте күлкілі. Мен де «ауамен демалуға болатын елде ояндым» дей аламын. Олардың ролигінде «жарылыстардың дауысы емес, құстардың үні сайрайтын елде ояндым» дейді. Мен «экологиялық жағдайы нашар елде жүрген құстардың үнімен ояндым» дей аламын. Бұл – кезекті сәтсіздік. Билік әлеуметтік желіде ештеңе жасай алмайды. Бұл – олардың осал тұсы. Видеоға түскен жастар айтқанды орындаушылар, — дейді ол.
«ЕЛІМНІҢ ПАТРИОТЫМЫН»
Екінші видео роликті кім түсіргенін анықтау мүмкін болмады. Азаттық сол видеоға түскен Нұр-Сұлтан қаласының 26 жастағы тұрғыны Мақсат Төлегеновпен сөйлесті.
Linkedin.com желісіндегі Мақсат Төлегенов есімді қолданушы Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметінде және «Астана» халықаралық қаржы орталығында PR-маман болып жұмыс істегенін, қазір Нұр-Сұлтанда Педагогикалық зерттеу орталығының интернет сараптама орталығының жетекшісі екенін көрсеткен. Кейін Мақсат Төлегенов есімді қолданушы Linkedin.com желісіндегі парақшасын жауып тастады.
Ал Азаттық тілшісі сөйлескен Мақсат Төлегенов роликке түскенін растады.
— Сіздің сұрақтарыңызға жауап беріп жатқанда мына бір сөз ойыма келді. Ойыңды айтсаң, «бұл адамды сатып алған» дейді. Ойыңды айтпасаң, «бұл адамды сатып алған» дейді. Қарапайым азаматпын, елімнің патриотымын. Роликте айтқым келген ойды айттым, көргенімді айттым. Қазір сіздердің сайттарыңызды ашып (Азаттық радиосының сайтын айтады – ред.), әлеуметтік желілерді оқып отырмын. Менің пікірім сіздердің редакцияларыңыздың пікірімен сәйкес келмейді. Сондықтан сіздің келесі сұрақтарыңызға жауап бермеуге құқығым бар. Айтарымды айттым деп ойлаймын, айтқанымды сайттарыңызға жариялай берерсіздер. Бұл – менің пікірім, — деді ол Азаттық тілшісіне.
Кейін Мақсат Төлегенов «Настоящее Время» телеарнасының тілшісіне де сұхбат беріп, толығырақ жауап берді. Ол екінші ролик Әнуар Нұрпейісов түсірген видеоға жауап емес, сол акцияны қолдау екенін айтқан.
«Акцияны қолдап, ойымызды, көргенімізді айттық. Отыз жылда өзіне бірдеме сатып алатын капитал жинай алмаған адамдарға жаным ашиды. 26 жастамын. Бірінші курстан бастап жастар ұйымының өкілімін. 11 сыныптан бастап жұмыс істеп, отбасыма көмектесіп жұрмін. Бізде табыс тауып, үй сатып алуға мүмкіндік мол. Баспана алатын бағдарламалар да бар. Бұл қарымта жауап емес. Бұл – азаматтық ұстанымым» деді ол «Настоящее время» тілшісіне.
Төлегеновтің айтуынша, «екінші роликке түскендер қандай да бір топтың немесе ұйымның мүшесі емес. Олар — жастардың өкілі немесе Қазақстан азаматы».
Екі видео да Instagram желісінде кең тарап кетті. #Менояндым акциясын жалғастырып, видео түсіргендер де бар.