«Бір бөлмелі пәтерді 16 млн теңгеге өткізіп жатырмын». Карантиннен соң жылжымайтын мүлік нарығын не күтіп тұр? — Қазақстан жаңалықтары

0

Сарапшылардың бір бөлігі «қымбатшылықтың ауылы алыс емес» десе, өзгесі «сауданы тоқырау күтіп тұр» деген ұстанымда. Себебі, соңғы екі айда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 16 пайызға өсіп, тұрғын үйге сұраныс төмендеген. Карантиннен соң жылжымайтын мүлік нарығын не күтіп тұр? Мамандар жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК-ға сілтеме жасап.

«Қазір мердігерлер, бірінші кезекте, жаңадан салынған үйлерін өткізу үшін түрлі бағдарлама ұсынып жатыр. Өйткені су жаңа үйді алуға адамдар қыруар ақша салады. Қалай десек те, жылжымайтын мүлік нарығы табыстан айырылмаудың барлық амалын жасауда. Сату мен сатып алу мүлдем тоқтамайды деген ойдамын», — дейді Лариса Степаненко, Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының президенті.

Кешеден бері жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс қызды. Әлемді пандемия жайлап, елде карантин жарияланғалы үй сатып алуға сұраныс бәсеңдегені рас. Көбінесе тек онлайн келіссөздер жасалды. Енді клиенттер құжаттарды ресми түрде рәсімдеуге кірісті. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта қолданыстағы ескі үйлердің бағасы 10 пайызға арзандайды. Бұдан өзге, күзге қарай пәтер жалдайтындар қатары артады. Келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін әскерилер мен студенттер үй іздейді. Баспанасын жалға берушілерге бағаны көтеру тиімсіз, сондықтан үй, не кеңсені жалдау құны төмендейді. Ал, іргетасы қаланып жатқан үйлер импорттық құрылыс материалдарына тәуелді. Оған қоса, доллар бағамының да өсуі нарықтағы бағаны қалыптастырады. Тек мемлекеттік бағдарлама немесе субсидия  қаржысына салынған үйлердің құны ғана бұрынғысынша қала бермек.  

«Осы жылы тұрғын үй бағасы екі рет өсті. Қаңтар айында қолданыстағы үйлер де қымбаттады. Менің ойымша, алдағы уақытта тариф 5-7 пайызға дейін көтеріледі. Былтыр күзде күрделі жөндеу жасалған бір бөлмелі пәтерді 13-13,5 млн теңгеге сатқанмын, биыл 16 млн теңгеге өткізіп жатырмын. Жазда үй алған тиімді, күзде барлық үйдің бағасы қымбаттайды», — дейді Валерия Стешина, риелтор.

 

stan.kz