«Бір апта жатқан…» Қостанайлық қыздың неден өлгенін туыстары айтты
20 жастағы Екатерина Пудвильдің отбасы медициналық сараптаманың қорытындысына сенбей отыр
АСТАНА, 20 қараша — Sputnik. Қостанай облысының Денисов ауданында өзен жағасынан табылған қыздың өліміне не себеп болғанын туыстары айтып берді.
20 жастағы Екатерина Пудвильді жақындары 17 қарашада ақтық сапарға шығарып салды. Қызды үйлену тойы көйлегімен жерлеген, деп жазды alau.kz.
Туған әпкесі Татьяна Потапенко айтқандай, отбасы медициналық сараптаманың қорытындысына сенбейді. Онда Екатеринаның үсіп өлгені жазылған.
«Әлі күнге дейін есеңгіреп отырмыз. Сұрақ көп. Қырсық шалған сол түні Катямен бірге болған құрбылары екі сөйледі. Полицияға басқаша түсініктеме берген. Қызық болып тұр. Катяны жалаңаш тауып алыпты деген сөз жалған. Тек аяқ киімі болмады. Сіңлімді тауып алған жер ашық жатыр, іздеу кезінде байқамай қалу мүмкін емес. Сол жерде бір апта жатқан, ешкім көрмегені ме? Олай болуы мүмкін емес», — дейді марқұмның әпкесі Татьяна Потапенко.
«Оның үстіне итпен іздеді ғой. Жалпы ол жерге қалай барды, түсініксіз. Ол жерде бұта көп. Ал оның киімі бүтін. Бірге болған құрбыларының түсініктемесінде де сәйкессіздік көп», — деп толықтырды ол.
Атырауда әжетханаға кетіп жоғалған қыз алты күннен соң табылды
Естеріңізге сала кетейік, қыздың жоғалғанын полицияға 11 қарашада туыстары хабарлады. Олар 20 жастағы тұрғынның 7 қарашада үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтқан.
Із-түзсіз жоғалған жанды іздеуге барлық жеке құрам жұмылдырылды, деректер бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жіберілді.
Кейінірек қыздың көз жұмғаны белгілі болды, оның денесі14 қараша күні Денисов ауданында өзен жағалауынан табылған.