Бір адам көз жұмды, екіншісі жарақат алды: Шудағы арнайы операция кезінде полицейлер өз әріптестерін атуға мәжбүр болды

0

Жамбыл облысында өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен арнайы мақсаттағы бөлімшенің қызметкерлері есірткі саудасымен айналысқан күдіктілерді ұстау бойынша арнайы операция өткізді.

Қазақстан ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы топтың құрығына Жамбыл облысы көліктегі полиция департаментінің Шоқпар станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері түскен.

Тексеру іс-шаралары барысында өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері күдіктілердің есірткі заттарын заңсыз жинау үшін Құмөзек жеріне өтіп, содан кейін оларды өткізуді жоспарлағанын анықтады.

Заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін арнайы операция басталды. Полицейлер күдіктілер жүріп бара жатқан көлікті тоқтату үшін Шу-Тараз автожолын жауып тастады.

Алайда осы уақытта жүргізуші із суытып кету үшін арнайы қызметтегілердің көлігін әдейі жаныштай соғып, ондағы арнайы бөлімше қызметкерінің бірін ауыр жарақаттаған. Атыс қаруларымен қаруланған күдіктілер қашып кетуге тырысқан. Көлікте үш адам болған.

Полиция қызметкерлерінің аспанға атқан ескерту оғына қылмыскерлер тоқтамаған. Содан кейін полиция көлік құралына оқ жаудырды. Нәтижесінде үш күдіктінің екеуі атыс жарақатын алды. Олардың бірі ауруханада көз жұмды, екіншісіне стационар жағдайында көмек көрсетілді, үшіншісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Қазіргі уақытта осы іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297, 345, 362-баптары бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сай бұдан басқа ақпарат жарияланбайды», — деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

stan.kz