Адамзат тарихындағы биологиялық соғыстар: Біздің арғы ата-бабамызбен қатысы бар

0

Тарихшы Ерлан Мазан адамзат тарихындағы биологиялық соғыстар туралы айтып, оған біздің халқымыздың да қатысы бар екенін деректер арқылы келтірді.

Ерлан Мазан:

Жер бетін жайлаған COVID-19 індетіне байланысты БИОСОҒЫС туралы үрейлі болжамдар айтыла бастағанына біраз уақыттың жүзі болды. Анық-қанығы жұмбақ, дегенмен, шындығынан дақпырты басым болар деп ойлаймыз. Бүгінгі әңгіме адамзат тарихындағы алғашқы «биологиялық соғыстар» туралы болмақ, бұл тарихтың біздің арғы бабаларымызбен азды-көпті қатысы бар.
Атағы жер жарған Қытай императоры У-дидің б.з.б 89 жылғы жарлығында (тарихи әдебиеттерде Луньтай жарлығы деп аталады) мынадай қызық дерек бар: Бұрын мен жаңылыппын, бірде әскербасы Хун Цзэн “Ғұндар шідерленген жылқыларды қорған түбіне дейін айдап келіп, Циньдіктер, сендерге жылқы әкелдік деді де атпен шауып ала жөнелді” деген хабар алдым. Чжоу и (ежелгі Қытайдың тағдыр жазуы туралы кітабы) кітабына қарап, Ғұндар жойылады деген болжам жасадық. Бірақ біздің күткеніміздей болмады (Қытай әскері күйреп жеңіледі). Жаудан қолға түскен тұтқындардың айтуынша, Хань әскерінің бара жатқанын естіп, ғұндар жорық жолы мен су көздеріне қой мен сиырдың жемтігін көмген екен, мақсаты, әскерімізді қарғау болса керек. Тәңірқұт маған жылқы, тон сыйлағанда, ұдайы дерлік бақсыларға жадылатады екен. Ал жылқылардың аяғын тұсағаны біздің әскердің аяғына тұсау салғаны екен.
Бұл жерде жадылау, дуалау қызық емес, бұл көшпенді халықтарда жиі кездесетін тәсіл болу керек, қызығы жорық жолы мен су көздеріне өлекселер көміп кеткенінде болып тұр ғой. Қытай әскерлері ластанған суды ішкеннен кейін, жаппай ауырып, қойдай қырылып қалады екен. Мысалы, б.з 162 жылғы соғыста, Қытай әскерінің жартысына жуығы баудай түседі, әрине, “жау” қолынан емес, олардың түбіне ОБА жетеді.
Сол заманда Қытайлардың Хо Цюйбин дейтін даңқты қолбасшысы болған еді, жас болса да ғұндарға қарсы неше мәрте жеңісті соғыстар жүргізген Хо Цюйбин жорықтардың бірінен ауырып қайтып, не бәрі 24 жасында көз жұмады. Қытайлық кей ғалымдар оны ғұндардың “бактериологиялық соғысының” құрбаны деседі.