Білім – тамырға салар дәрі емес

0

Биологияның майын ішіп, жілігін шаққан Шымкенттегі ең танымал ұстаздардың бірі – Алина Соловьева. Мамандығына адалдығын 27 жылдық тәжірибесі сөзсіз дәлелдеп тұр. 12 оқулық пен оқу құра­­лының авторы, білікті әдіскер әрі практик, білім беру саласының үздігі, талай шәкірттің шыңға шығуына үлес қосқан маман. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы. Бұл кісінің шекпенінен шыққандардың жетістіктерін сұрастырған едік. Ұзынсонар тізім алдық. Облыстық, республикалық, одан қалса халықаралық талай жарыста топ жарған екен. Бұрынғы ҰБТ жүйесі бойынша мүмкін болған 25 балдың кемі 23-ін алуға даярлайтын әдістемесі де бар. Бүгінде жоғары оқу орнына дайындау сабақтарын да жүргізеді. Таң атса – мектепке, кеш батса курсқа жүгіреді. Бар мақсаты – білімімен бөлісу.

Жүрек қалауын тексерген бір жыл
Еңбек жолымды тәуелсіздік алған жылы тамызда бастадым. Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының 3-курсын тамамдаған соң, Шымкенттегі Луначарский атындағы №11 орта мектепке орналастым. Жоғары оқу орнын аяқта­мастан іске кіріскен себебім – мамандық таңдауда қателеспедім бе, соны тексергім келеді. Әрі сол уақытта анам ауырып жүрген еді. Осы­лайша, мұғалімдіктің алғашқы жылы баста­лып кетті. Ең қиын әрі қызық кезең ретінде әлі күнге дейін есімде. Бала­лардың түр-түрі бар. Талантты, шығар­машыл, талаптылармен қатар, дамуында кінәраты жоқ емес балалар да бірге оқыды. Ол кезде инклюзив білім беру мәселесі көтеріле қоймаған. Жалпы білім беретін орта мектепте бәрі бірге білім алды. Сабақ берген бір жылда бұл мамандықты жақсы көре­тініме толық көз жеткіздім. Сөй­тіп, 1992 жылы тамызда оқу орныма қайта оралып, 4-курсты жал­ғастырдым. 1994 жылы тамамдап, Шым­кенттегі Пушкин атындағы №1 мектепке био­логия пәнінің мұғалімі бо­лып орналастым. Әлі күнге дейін осы жерде қызмет атқарып келемін. Шәкірт­терімді мақ­сатты түрде пәндік олимпиа­да­ларға даяр­ладым. Алғаш жемісін көрге­нім – 1996 жылы Асқар Бұқарбаев есімді оқушым қала­лық олим­пиададан жүлдегер атанып келді. Рес­публикалық деңгейде жүлде алғанымыз 1999 жылы еді. 2001 жылы шәкіртім халық­аралық олимпиадада жүлдегер болып, Елба­сы­мыз­дың атынан «Алтын белгі» алды. Бұдан бері оқушыларым кезек-кезек қуантып келеді.

Батысқа бас ие берудің қажеті жоқ
«Қазақстанда білім сапасы төмен» дей­тінді жиі естимін. Негізі, оны тексеру үшін нақты критерий жоқ. 27 жылдық тәжірибеме сүйене отырып, біздегі білім жүйесіне көңілім толатынын айтқым келеді. Өйткені мемлекет қаржыландырады, білім алу бә­ріне қол­же­тімді. Балаларымыздың көр­сетіп жүрген нәтижесі де жаман емес. Мәселен, IВО – Ха­лықаралық биология олим­пиадаларында Қа­зақстан командасы АҚШ, Еуропа, Австра­лия сынды елдерден оқ бойы озық шығады. Бас­қа пәндер бойынша да нәтиже осыған ұқ­сас. Бір айта кетерлігі, команда мүшеле­рі – жеке білім ордаларында емес, қарапайым мектепте оқитындар. Бізде «Дарын», БИЛ, NIS сынды мектептер бар. Талаптылардың қанатын қақтыратын мұндай оқу орындарын мақта­нышпен айтуымыз керек. Неліктен үнемі Батысқа бас ие береміз? Айталық, АҚШ мектебінің түлегі әлем картасындағы алпауыт елдерді таба алмай жатады. Ресеймен салыстырсақ та, бізде дарынды балаларға қолдау жақсырақ жолға қойылған. Сол сияқ­ты өзім қызмет ететін жалпы білім беретін мектептерде де мұғалімдер мен оқушылардың зияткерлік қабілетін ашуға мол мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті қолданып жатырмыз. Оған дәлел ретінде жетістік­терімізді айтуға болады. Бірақ мынаны есте ұстау қажет: орта мектептерге жоғарыда айтып өткен БИЛ, «Дарынға» қойылатын талаптарды жүргізуге болмайды. Интернат­тық емес типтегі орта ме­к­­­теп­т­ердің, соның ішінде гимназия мен лицей­лердің жұмысы басқаша бағалануы тиіс. Өйткені қосымша қаржыланды­рыл­майды, білім алушылар іріктелмейді. Соған сәйкес бағалау жүйесі де басқа болуы керек. Дегенмен мемлекет бүгінде жалпы білім беретін қара­пайым мек­теп­тердің дамуына жағдай жасап отыр. Мемлекет басшысының, саясаткерлердің не айтатынын тыңдап көріңізші. Білім мәсе­лесі турасында айтыл­ған дүниелердің барлығы дерлік элиталық мектептер емес, қарапайым мектептерге қатыс­ты. Оқу ғимараттары салы­нып не жөндеуден өткізіледі, ұстаздарды даяр­лауға үлкен қаржы бөлінеді. Соның арқа­сында жалақысына қо­сым­ша ақы алуға мүм­кіндік туады, мектеп ішіндегі зертханалар үнемі жабдықталып, жаңартылып тұрады. Сондықтан «бізде білім сапасы төмен» дегенмен келіспеймін.

Гимназия қарапайым мектептен артық болмауы мүмкін
Орта мектеп пен қалалық гимназия-ли­цей­лердің аса айырмасы болмауы тиіс. Егер арнайы тестілеуден өтіп, іріктелмесе, балалар сол жерде тұрмаса, сабақ кезінде ғана мектепте болатын болса, жалпы білім беретін мектеппен бірдей деуге болады. Мұндай оқу ордаларының айырмасы – бар болғаны ісіне деген сү­йіс­пеншілікте. Елімізде мектеп гимназиялары өте көп. Басшылықтың мақсаты балаларға барынша жақсы білім беріп, олардың қабілетін ашу болуы керек. Жоспарларды барынша жүзеге асырсын. Мәселе осында ғана. Өйткені мектептің қалай аталғаны маңызды емес. Әлбетте, гимназияларға мемлекет тара­пынан қосымша пәндік сағаттарға қаржы бөлінетіні бар. Бірақ математик аптасына беретін 4-5 са­ғатын нашар жүргізсе, ешқандай қосымша 1 са­бақтың оң әсері болмайды. Оқушының жетістігі, ең алдымен, оның оқуға деген бі­лімі, қабілеті мен табандылығына байла­ныс­ты. Мұғалім соларды дамытуға көмектеседі. Жұмысымда Т.Галиев әзірлеген жүйелік тәсілді қолда­намын. Бұл жүйені еліміздің бірқатар педа­гогі мақұл­даған. «Бастысы қажет технология мен білім беру әдістемесін дұрыс таңдау білу керек, сонда процесс жақ­сарады» деген қате түсінік бар. Осылай ойлай­ды. Білім – тамырға салатын дәрі емес. Еккен адамға еніп кете қоймайды. Құпия әдістеме, яки технология да жоқ. Тек ұстаз бен оқушының қажырлы әрі күнделікті еңбегі ғана бар. Мұғалім қосымша әдебиет оқуды, пәндік не әдістемелік білімін үнемі шыңдап отыруды, жаңа тәсілдерді қолдануды әдетке айналдыруы тиіс. Содан түйгенін шәкіртіне береді. Білім берудің әдістемелері көп. Бірақ нақты біреуі бәріне бірдей жарайды дей алмаймыз.

Айша ЕРСҰЛТАН