Білім саласындағы кемшілік: Жемқорлардың ақшасына қанша мектеп салуға болады?

0
117

Мектептер мемлекетке қайтарылған «лас» ақшаға салына бастады. Orda.kz редакциясы жемқорлар мен ұрылардың ақшасына қанша оқу орнын салуға болатынын есептеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетке қайтарылған заңсыз алынған қаражатты оқушыларға арналған оқу орындарын салуға пайдалануды ұсынған еді.

Қазақстанда оқу орындары тапшы екені белгілі. Оқушылар үш ауысымда оқып жатыр. Сонымен қатар оқу орнының әкімшілігі кейде 18 бірінші сыныпты бір мектептің ішінде ашуға мәжбүр.

Президент «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай 800 мың балаға арналған заманауи мектептерде оқу үшін жағдайлар жасалатынын еске салды. Бұл ТЖ режимінде үш ауысымда жұмыс істейтін оқу орындарының мәселесін толығымен шешпек.

Жалпы бір мектептің құрылысына елді мекенге байланысты 500 млн-нан 3,5 млрд теңгеге дейін қаражат қажет.  Orda.kz редакциясының есептеуі бойынша мектеп ғимараты үшін – 1,5 млрд теңге, компьютерлік сыныптар, оқу зертханалар, шеберханаларға 160 млн теңге, кітапхана қорымен және оқу-әдістемелік кешенмен жарақтандыруға тағы 140 млн теңге жұмсалады. Бір оқу орнына жұмсалатын шығындар шамамен 2 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 2021 жылы ҚР премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Назарбаев Зияткерлік мектептері стандарттары бойынша оқу орнын салу құны орта есеппен 7,5 млрд теңгені құрайтынын атап өтті.

Қайрат Сатыбалды

Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды қазір тергеу изоляторында. Ол 13 наурызда Алматы әуежайында ұсталды.. Ведомствоның мәліметінше, экс-президенттің жиені мен оның компаниясы  заңсыз сатып алынған активтер үшін мемлекетке 276 млрд теңге қайтарған. Сатыбалды «Қазақтелеком» АҚ мен «көлік сервис орталығының» мүлкін ұрлау ісі бойынша 36 млрд теңгені қайтарып берді. Сондай-ақ жақын арада мемлекетке 400 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын мүлікті, автомобильдер мен ақшаны қайтарып беру керек. Бұл сомаға 94-95 Назарбаев Зияткерлік форматындағы мектепті, 474-475 мектеп ғимаратын және 356 жабдықталған оқу ордасын салуға болады.

Талғат Ермегияев

2012 жылдың соңында Қазақстан EXPO халықаралық көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басында Талғат Ермегияев тұрды. Екі жарым жылдан кейін кәсіпорынды тексеру кезінде аса ірі мөлшерде ақша ұрланғаны анықталды. Сотталушылар қатарында топ-менеджменттің 23 адамы, олардың арасында «Астана ЭКСПО-2017» басқармасының бұрынғы төрағасы да бар еді.

2016 жылдың жазында Ұлттық компанияның бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол кезде сот оның барлық мүлкін тәркілеуге шешім қабылдады.

Тергеу мәліметтері бойынша, шенеунік 10,2 млрд теңгені жымқырған. Бұл сомаға НЗМ стандарттары бойынша бір мектеп, шамамен 6-7 оқу орны мен жабдықталған 5 мектепті салуға болады.

Жақсылық Досқалиев

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің 2011 жылдың 5 тамызында мүлкі тәркіленіп, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бастапқыда шенеунік билікті асыра пайдаланды, елордада 65 млн теңгеге пәтер түрінде пара алды, 673 млн теңгеге ел мүддесіне нұқсан келтірді, ол мемлекеттік мүліктен тағы 2,467 млрд теңгені ысырап етті деп айыпталды. Нәтижесінде 3,2 млрд теңгеге екі және жабдықталған тағы бір мектеп салуға болатыны анықталды.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, 2019 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша залал сомасы 29 млрд теңгеден асты. Бұл ретте осы ақшаның қаншасы мемлекет қазынасына қайтарылғаны айтылмаған. Ресми емес деректер бойынша, жыл басынан бері мемлекетке 500 млрд теңгеге мүлік, активтер мен ақша қайтарылыпты.

Ал экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері мен «Оператор РОП» ЖШС басшылары шамамен 180 млрд теңгені ұрлауға әрекет жасаған. 161 млрд теңгеден астам мүлік пен активтер түрінде, 112 млрд теңгеден астамы тікелей мемлекеттік қазынаға қайтарылған.