Білім министрі сенаторлардың ашуына тиген мәселеге жауап берді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Аймағамбетов университеттерді біріктіру арқылы ғылыми атағы бар қызметкерлердің жалақысын орташа есеппен 40 процентке көтеру жоспарланып отырғанын атап өтті   

НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарын біріктіруге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарын біріктірудің негізгі мақсаты – білім беру сапасын көтеру. Соның нәтижесін алты жыл бұрын біріктірілген университеттерден де байқауға болады. 

«Мәселен, 2013 жылы Қазақстанда екі университет біріктірілген болатын. Соның ішінде Ақтөбедегі педагогикалық институт және Семейдегі педагогикалық институт болды. Біз осы шешімнің тиімділігін зерттеп қарадық. Ақтөбедегі университетте ғылыми атағы бар мамандардың саны 45 проценттен 55 процентке көтерілді. Орташа жалақысы да жоғарылады», — деді Аймағамбетов сенаттың пленарлық отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, Қостанай мемлекеттік университетінің Қостанай педагогикалық университетімен, ал Тараз мемлекеттік университетінің Тараз педагогикалық университетімен біріктірілуі де сондай нәтиже береді. Ғылыми атағы бар қызметкерлердің жалақысы орташа есеппен 40 процентке көтеріледі деген болжам бар. Бұдан бөлек, жастар көбірек барсын деген мақсатта арнайы квота бөлініп отыр. 

«Жалақы 50%-ке дейін өседі»: министр 2020 жылы болатын өзгеріс туралы айтты

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде 85 университетте педагог мамандар даярланып жатыр. Биылдың өзінде 44 мың маман оқуды бітірді. Ал білім саласына жыл сайын 10-11 мың мұғалім қажет. Қазіргі кезде санға емес, сапаға басымдық беріліп отыр. Себебі мектепті үздік бітірген жастар педагог мамандығына көп бара бермейді. Ал түсетіндердің басым бөлігі – ҰБТ-дан төмен балл алғандар.

«Бүгінде 85 университет пен 75 колледж педагог мамандарды даярлайды. Бірақ олардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан біз кәсіби талаптарды күшейтіп жатырмыз», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.  

Айта кетейік, бұған дейін сенатор Еділ Мамытбеков министрге депутаттық сауал жолдап, Қостанай мемлекеттік университетінің Қостанай педагогикалық университетімен, сондай-ақ, Тараз мемлекеттік университетінің Тараз педагогикалық университетімен біріктірілуіне қатысты наразылық білдірген болатын.

«Қазақстан тәуелсіздік алғанда әрбір облыс орталығында 18 педагогикалық институт болған. Ал 1994-1998 жылдары олардың барлығын басқа жоғары оқу орындарымен біріктіріп, университетке айналдырып жіберді. Соның салдарынан «мұғалім» деген қызметтің мәртебесі төмендеп, мектепке дейінгі, орта және арнайы орта білім саласында маман тапашылығы туындады», — деді Мамытбеков.

Осы сауалға бірнеше сенатор да қосылды.



sputniknews.kz