Білім министрі мектепте еден жудыңыз ба деген сұраққа жауап берді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Аймағамбетов мектептің оқу-тәрбие процесінде балаларды еңбекке баулу өте маңызды жұмыс екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың мектепте еден жууына қатысты мәселеге түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

БАҚ өкілдері министрден «оқушы кезіңізде еден жудыңыз ба?» деп сұрады.

«Әрине, ондай болды. Ол уақытта мұндай қатты резонанс болған жоқ. Еден де жудық, парта да жудық. Біз мұны тәртіп ретінде қабылдадық, жууға болмайды деген ойымызға да кіріп шықпайтын», — деді Аймағамбетов үкімет кулуарында.

Ол білім және ғылым министрлігінің күн тәртібінде оқушыларға еден жуғызу мәселесі тұрған жоқ екенін атап өтті. Оның үстіне мектеп бюджетінде әкімшілік-техникалық персоналға қаражат пен штат қарастырылған.

«Мұндай жұмыс оқушылар мен ата-аналардың рұқсатымен ғана жасалуы тиіс», — деді ол.

Аймағамбетов мектептің оқу-тәрбие процесінде балаларды еңбекке баулу өте маңызды жұмыс екенін айтты. Оның пікірінше, оқушыларды еңбекке үйретумен мектеп те, отбасы да айналысуы тиіс.

Тағы оқыңыз: «Тағы бір сандырақ»: белгілі адвокат білім министрлігімен соттасқалы жатыр

«Қазір мұғалімдер ата-аналарға балаларды үй шаруасына араластыруға кеңес береді. Мәселен, ыдыс жуғызу, еден жуғызу немесе өз бөлмесін жинату секілді. Сондықтан еңбекке баулу өте маңызды мәселе. Десе де бұл науқаншылдыққа айналып кетпеуі тиіс», — деп ескертті министр.

Еске сала кетсек, желіде астаналық мектептердің бірінде оқушылар еденді өздері жуады деген ақпарат тараған болатын. Жұртшылықтың бұған қатысты пікірі екіге жарылды. Бірі еңбектің пайдасын айтса, енді бірі кәмелет жасына толмағандардың еңбегін пайдалану деп айыптады.

Ал қазақстандық адвокат Жангелді Сүлейменов оқушыларға еден жуғызуды тоқтатуды талап етті. Тыйым салынбаған жағдайда ол білім және ғылым министрлігін сотқа беретінін мәлімдеген болатын.



sputniknews.kz